Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тұңғыш Президентке арналған экспозиция бар. Онда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басқару, тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанды әлем таныған ел ретінде қалыптастыру кезеңіндегі қайраткерлігі мен ерен еңбегі туралы тарихи, деректі құжаттар түріндегі құнды жәдігерлер қойылған. Облыстық полиция департаментінің жас мамандары аталған музейде ұйымдастырылған экскурсиялық сабаққа қатысты.
– Тұңғыш Президент күніне орай өткен шараның басты мақсаты – жас мамандарды отаншылдыққа, жауапкершілікке, бастамашылдыққа тәрбиелеу. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары адамгершілік қасиеті, мемлекетшілдігі мен табандылығы әр жасқа үлгі-өнегеге айналды. Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, құқықтық тұрғыда өркендеуіне үлес қосқысы келетін әр қызметкердің бойынан осындай қасиеттер табылса, еліміздің болашағы бүгінгіден де жарқын болары анық, – дейді департамент бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әділхан Байдосов.
Оның айтуынша, экскурсиялық сабақ барысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, саясаткерлігіне арналған экспозиция таныстырылды. Әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерінің еліміздің дамуына сіңірген еңбегі туралы кеңінен айтылды.
Атырау облысы