Азаматтық қоғам тұғырнамасын жүзеге асыруда ел өңірлерінде құрылған үкіметтік емес ұйымдардың қатары жыл сайын өсе түсуде. Мұндағы басты ұстаным азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстарды тереңдетуге және өзара үнқатысулар мен серіктестікті дамытуға негізделген. Осы орайда Орал өңірінде әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруда ҮЕҰ-ның қосып отырған үлесі сүбелі деуге болады.
Олардың саны соңғы он жылдың ішінде төрт есе көбейген. Әйтсе де азаматтық қоғам қызметінің басты көрсеткіші санның көптігімен емес, керісінше нақты жұмыс сапасын көтере білуімен және ел-жұртты толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді шешу кезіндегі сындарлы іс-қимылымен ерекшеленетінін ескерсек бұл тұрғыда да оң мысалдар аз емес.
Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттің қолдауына арқа сүйейтіні табиғи жайт. Бұл тұрғыда Ақжайық аймағында жергілікті атқарушы органдар тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаларды қаржыландыруға жан-жақты көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде бұл бағытта бөлінген қаражат мөлшері 1 млрд 300 млн теңгені құрайды. Мұның өзі оның көлемі соңғы сегіз жылда он есеге жуық өскенін көрсетеді.
Осылайша Орал өңірінде соңғы жылдар бедерінде азаматтық қоғамға жүктелген сан алуан мәселелерді жедел әрі кәсіби тұрғыда шеше білуге қабілетті ҮЕҰ қалыптасты десек шындықтан ауытқи қоймаспыз. Оның қатарында отбасы құндылықтарын сақтау мен дәріптеу, аймақтағы урбанизация үрдісін реттеу, өңірдегі экологиялық проблемалардың шешімін іздестіру және мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету секілді сан алуан жобалар бар.
Азаматтық қоғам институтының өкілдері тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын бақылау мен оны бұдан әрі жақсарту жөніндегі мәселелерге де жедел үн қосып отыр. Осы орайда облыста құрылған арнайы мониторингтік топтың рөлі жоғары. Оның құрамына бірқатар ҮЕҰ-ның жетекшілері, қоғам жанашырлары мен белгілі блогерлер және мәслихат депутаттары енгізілген. Осы шеңбердегі бақылау арналарына абаттандыру үдерістері, жол құрылысы, әлеуметтік нысандар шоғыры мен өзге де инфрақұрылымдық жүйелер кіреді. Аталған іс-шаралар кешені бойынша «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен бірқатар қоғамдық кеңестер ілкімді іс-қимыл танытып жүр. Оның мүшелерінің үштен екісін ҮЕҰ мен БАҚ және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері құрайды.
Батыс Қазақстан облысындағы Азаматтық альянс ұйымының президенті Светлана Тенишева атқарған істерінің жай-күйі туралы: «Бүгінгі күні өңірдің азаматтық секторы көкейкесті мәселелердің шешімін табуға қабілетті азаматтық бірлестіктердің берік жүйесін құрайды. Мемлекеттің қуатты болуы – мықты азаматтық қоғамның қалыптасуына да байланысты екені анық. Соңғы уақытта белсенді азаматтардың әлеуетін қоғамды одан әрі дамытуға тарту ісінің көкжиегі кеңейіп келеді. Альянс қызметінің басты арнасы да осындай асқақ мұраттарға негізделген. Бұл ретте республикалық Азаматтық альянс құрамына кірген өңірдегі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері белсенді іс-қимыл танытып жүр», деді.
Міне, осылайша Орал өңірінде ҮЕҰ белсенділігі жыл сайын артып келеді.
ОРАЛ