Бүгін 92 жасқа қараған шағында қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызы Оралбаева өмірден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева есімі - қазақ тіл білімінде ғылыми-теориялық тұрғыдан тың мәселелерді көтерген, қазақ грамматикасының 50-90 жылдардағы дамуына іргелі еңбектерімен үлес қосқан ғалым ретінде белгілі.
"Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары", "Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы", "Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі", А. Қалыбаевамен бірге "Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі", "Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі", "Қазақ тілінің сөзжасамы" атты ғалымның қаламынан туған қайталанбас ғылыми мұралардың бүгінгі қазақ ғылымында орны ерекше.