Жуырда ғана Шымкентте аяқталған Қазақстан чемпионатында ерекше көзге түскен боксшылардың бірі Ертуған Зейнулинов. 63 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен 23 жастағы жалынды жас барлық қарсыласынан басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Осы жарыстың куәсі болған білікті бапкерлерден бастап, көгілдір экранға көз тіккен көрермендердің барлығы да айтулы былғары қолғап шеберінің өнерін жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ертуған өзінің туып-өскен жері – Алматы облысы Қаратал ауданының Үштөбе қаласында бокстың қыр-сырына қанықты. Жер жаннаты – Жетісуда Алмас Жыңғылбаевтың қол астында жаттығып, тырнақалды табыстарына қол жеткізді. Сол кездегі оның ең ірі жетістігі – Бангкокта өткен жастардың Азия біріншілігінің қола жүлдесі. Өз құрдастары арасында Зейнулинов басқа да додаларда дараланды. Есейе келе Алматыдағы Қазақтың Спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, ол жерде Қайрат Кәрменовтен тәлім-тәрбие алды.
Айтулы боксшының алғаш рет жарық етіп көзге түскен тұсы – 2016 жылы Тәжікстанның бас шаһары – Душанбеде ұйымдастырылған студенттер арасындағы Азия біріншілігі. Сөз орайы келгенде, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Дастан Сәдуақасовтың команда жасақтауда қырағылығын ерекше атап өткен жөн. Жас болса да, бас болған айтулы маман есімі көпшілікке беймәлім боксшыны ел құрамасына қосты. Памир тауының етегінде Зейнулинов сенімді ақтап, күміс медальді олжалады. Арада екі-үш ай өткеннен соң Таиландтың Чианг-Май қаласында студенттердің әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жарыста Ертуған қола жүлдені қоржынға салды.
Жоғарыдағы жағдай жас жігітті қанаттандырды. Шымкентте ұйымдастырылған ел чемпионатында ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын еш қиналмай ұтқан Ертуған жартылай финалда Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге есе жіберді. Бұл жеңіліске бола 20 жастағы жігітті ешкім сөкпеді. Өйткені, қарсыласы там азулы еді. 31 жастағы Зәкірдің 60 кило салмақта еліміздің бірінші нөмірлі боксшысы екенін жұрт жақсы біледі. Керісінше, оның сақа спортшыға лайықты қарсылық көсеткеніне күш-жігері жеткеніне бапкерлері де, басқалар да риза болды. Шымкент сапарынан қола медальмен оралған Зейнулинов ұлттық құрама сапына қабылданды.
– Республикамыздың барлық өңірінен жиналған былғары қолғап шеберлері бас қосқан жарыста үздіктер санатына қосылғаннан кейін жолым оңғарылатын шығар деп ойладым. Бірақ, аяқ астынан қырсық шалды. Абайсызда аяғымды сындырып алып, бір жылға жуық уақыт емделдім. Жаттығу мен жарыстар жайына қалды. Бірақ мен күдерімді үзбедім. Жазылғаннан соң барымды салып даярландым. Ерең еңбектің еш кетпейтініне сендім. Осы орайда өзімнің жеке бапкерлерім – Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовке, Қазақтың Спорт және туризм академиясында президенті Қайрат Закирьянов және осы білім ордасында еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар – Эдуард Габдулов, Бекен Бекмұхамедов, Жеткерген Малшиев, Бақыт Сәрсекбаев, Дастан Сәдуақасовқа өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер Төлеген Мақашев пен Серік Айдарбековке де алғысым шексіз. Осы ағаларымның қолдауының арқасында ештеңеге алаңдамай, көздеген мақсатыма қол жеткізуге мүмкіндік туындады, – дейді Ертуған Зейнулинов.
2019 жылы жарақатынан толықтай айыққан Ертуған халықаралық турнирлерде қайта атой салды. Алматыдағы Сағадат Нұрмағамбетов, Атыраудағы Исатай мен Махамбет және Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлын еске түсіруге арналған жарыстарда жүлдегерлер санатына қосылды. Жыл сайын Алатау баурайында үздіксіз ұйымдастырылып тұратын Қайрат Рысқұлбековтың турнирінде алтын тұғырға көтерілді. Шымкенттегі Қаракөз Әбдәлиевтің дәстүрлі додасында да қарсылас шақ келтірмеді. Сол бәсекелерде небір мықтылармен күш сынасқан Зейнулиновтың шеберлігі әбден шындалып, өзіне деген сенімі арта түсті.
Жуырда Шымкентте өткен ел чемпионатында Ертуған Зейнулинов 63 кило салмақта өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде тараздық Әлімжан Бескемпір мен нұрсұлтандық Темірхан Тезекті тізе бүктірсе, ширек финалда маңғыстаулық Ділшат Нұрымды еңсерді. Бір өкінштісі, осы жекпе-жекте Алматы облысы өкілінің саусағы сынып кетті. Енді алда екі жол бар. Жарысты ары қарай жалғастырып, чемпиондық тұғырға көтерілу үшін айқасқа шығу немесе қола медальді қанағат ұтып, қайта ем-дом қабылдау. Жағдайды бапкеріне айтап көрген еді, Қайрат Кәрменов «Қолың түсіп қалса да, жұдырықтасасың» деп әңгімені шорт кесті. Боксшы басын изеп, келіскендей сыңай танытты. Келесі күні Зейнулиновты жартылай финалдық сайыс күтіп тұрды.
– Біздің одан басқа амалымыз жоқ еді, –деп бапкері Қайрат Кәрменов әңгімені ары қарай жалғастырды. – Себебі, Ертуған 2018 жылы аяғын сындырып алғаннан кейін ұлттық құрамадан шығып қалды. Жаттығу процессін ары қарай жалғастырып, жарыстарға шығу үшін өзіміз қаржы іздеп әлек болдық. Тіптен, күллі әлемді дүрліктірген пандемия кезінде де бос жатпадық. Індет басталмай тұрып, Алматы облысы Ақсу ауданының Тарас ауылына аттандық. Сол жерде Төлеген Мақашев есімді диқаншы-кәсіпкер біздің алаңсыз жаттығуымыз үшін қолайлы жағдай жасады. Тіптен, ел чемпионатына барып-қайту үшін қажетті қаражатты да сол кісі өз қалтасынан берді. Сөйтіп, екі айға жуық уақыт бойы жақсылап тұрып жаттығып, Шымкентке нағыз бабымызда аттандық.
Жартылай финалда Зейнулиновтың жолы Ділмұрат Мижитовпен қиысты. Алматы қаласының өкілі соңғы жылдары ел біріншілігінде үнемі жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Екі маусым бойы ол Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында өнер көрсетті. Міне, осы сақа спортшыға қарсы сынық қолымен жұдырықтасқан қандасымыз тактикалық тұрғыдан өте сауатты қимылдап, күмәнсіз жеңіске жетті.
Финалда Ертуған Зәкір Сафиуллинмен күш сынасқысы келді. Себебі, осыдан үш жыл бұрын дәл осы боксшыдан ол ел чемпионатының жартылай финалында ұтылған болатын. Содан бері талай дүрмекті көрген жас жігіттің шеберлігі әбден шыңдалды. Енді өзінің мықтылығын мойындату үшін Олимпиада лицензиясына иелік еткен саңлақты жеңу қажет еді. Бірақ бастапқы бәсекелерінің бірінде жарақат алған Зәкір жарысты жалғастырудан бас тартты. Енді ақтық сында оны Болат Ерсұлтан күтіп тұрды. Алайда көрермендер дарынды жастардың айқасын көре алмады. Жартылай финалда жарақаттанған Ақмола облысының өкілі шаршы алаңға шықпады. Осылайша, Зейнулинов өзі көптен бері армандап жүрген Қазақстан чемпионы деген атаққа қол жеткізді.
Келесі жылы Токио Олимпиадасының алауы тұтанады. Оған Ертуғанның бара алмайтыны анық. Өйткені, ғаламдық доданың лицензиясы 34 жастағы ардагер боксшы Зәкір Сафиуллинің уысында. Десек те, алда әлем мен құрлық чемпионаттары және Азия ойындары секілді көптеген байрақты бәсекелер бар. Міне, Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовтің шәкірті осы жарыстарда жасындай жарқырайды деп үміттенеміз.