Он жылға жуықтады. 2011 жылдан бері елімізде мүмкіндігі шектеулі және ерекше педагогикалық тәрбиеге зәру балаларға қолдау көрсетудің инклюзивті бағдары (ЕПҚ – ерекше педагогикалық қажеттілік) талқыланып, біртіндеп енгізіле бастағаны белгілі.
Алайда әлі күнге дейін ресми білім беру жүйесі мұндай балаларға қолдау көрсетуді толық атқара алмай отыр, сондай-ақ кемтар балалармен жұмыс жүргізудің бірыңғай жүйесі әлі де пысықтауды, жетілдіруді талап етеді.
Атап өткен жөн, әдеттегі мектепте ЕПҚ зәру балалар түрлі кедергілерге тап болып жатады. Біріншіден, мұндай балалармен сыныптастары жақсы қарым-қатынаста болғанымен, ата-аналардың көпшілігі түсіністік танытып, қалай бермейтіні шындық.
Кей жағдайларда педагогтер да ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балаларды оқытудың жаңа бағдарлары мен балаларды оқытудың жеке жоспарларын әзірлеуге дайын болмай шығады. Рұқсат етілген нормалар бойынша сыныпта ерекше білім алуға зәру балалар саны екі оқушыдан аспауы тиіс. Мұғалімдердің барлығы бірдей бір сыныпта бірден екі бағдарлама бойынша – барлық балаларға және ерекше педагогикалық қажеттілігі бар балаларға бір мезгілде сабақ өткізе алмайды.
Сондай-ақ ерекше педагогикалық тәрбиеге зәру баласына мұғалімдер тарапынан тиісті көңіл бөлінбейді деп санайтын ата-аналар да бар.
Ендеше осынау шешімін күткен жайттар кезекті рет «Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты» білім беру мекемесінің ұйытқы болуымен «Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі балалар: мәселелері мен ерекше қажеттіліктері» онлайн мәслихатында көтерілді.
Бұл жайттарға – арнаулы түсініктің және қажетті білімнің, инклюзивтік төзімділік мәдениетінің және жалпы балаларға, мүгедек балаларға қолдау көрсетуге дайындықтың болмауы түрткі болып отыр.
Екінші бір себеп – кейбір ата-аналар тарапынан басқаның баласындағы жағдайға деген немқұрайды көзқарас. Үлкендерде өз балаларын ЕПҚ зәру балаларға көмек көрсетуге шабыттандыруға, үлгі көрсетуге деген ниеттің болмауы да бұл істі қоғам болып алға жетелеуге кедергі келтіреді. Өйткені, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қай тұрғыда болсын, жанашырлық пен қолдау ауадай қажет.
Айналып келгенде инклюзивті білім берудегі жарияланымдар, жаңа бағдарлар, заң жобалары мен Білім және ғылым министрлігінің қаулыларының жеткіліктілігіне қарамастан, адамдар арасында «инклюзивті қоғам» деген нақты түсінік жоқ, қоғамда әр адам мүгедектігі бар, ЕПҚ зәру мүмкіндіктері шектеулі балалардың өздерін қоғам үшін пайдалы және қажетті сезінулеріне көмектесуге ұмтылуы тиіс. Сонымен қатар «инклюзия», «интеграция», «түзету және арнайы білім беру», «мүгедектерді оқыту» сияқты сөздерді жеке тәуелсіз терминдер мен ұғымдар ретінде емес, синонимдер ретінде қабылдайтындықтан да бірқатар түсінбестіктер орын алып жатады.
Мектепке дейінгі білім беруден мектепте білім алуға көшу кезінде «ерекше» баланы «қолдан-қолға» беру және қабылдау тетіктері қарастырылмаған. Баланы мектептен кәсіби ортаға ыңғайлы көшіру жүйесі де ойластырылмаған.
Ерекше білім беру қажеттілігі дегеніміз – оқушының психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік көмекке деген қажеттілігі, мұнсыз тиісті деңгейде білім алу қиын немесе мүмкін емес. Ерекше білім берілуіне зәру балалар – бұл білім алуда тұрақты немесе уақытша қиындықтарға тап болатын балалар. Мүмкіндігі шектеулі балалар – есту, көру, сөйлеу, ақыл-ой кемістігі бар балалар.
Қазіргі уақытта «ерекше» баланы қоғаммен біріктіруге және әлеуметтендіруге, оның жеке басының шығармашылық ресурсын ашуға ықпал етуге және қолдауға мүмкіндік жоқ. Мәселен, Қазақстанда 2020 жылы жаңа оқу жылы басталғанда ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 161 мыңнан астам бала анықталды. Олардың ішінде мектеп жасына дейінгілер – 54 502. Алматыда 18 жасқа дейінгі жалпы бала саны 499 489 болса, оның ішінде 583-і ерекше қажеттілігі бар балалар.
Сол сияқты 2019-2020 оқу жылында еліміздің 86 жоғары оқу орнында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 1 233 студент білім алды.
Шығармашылық әлеуметтендіру орталықтары керек
Сондықтан да Қазақстанда ерекше педагогиканы қажет ететін балалар үшін филиалдары бар шығармашылық әлеуметтендіру орталығын құру керек, деп есептейді Қазақстан және Орталық Азия бойынша Отбасы институтының атқарушы директоры Эльмира Әлиева. Ол: «Қоғамдағы инклюзивті мәдениет жағдайында әлеуметтенудің түпкі нәтижесі баланың қоғамға бейімделуі, яғни оның жеке қалауын, ұмтылысын, әлеуетті мүмкіндіктері мен қабілеттерін сақтай отырып, оның өзіндік шығармашылық өмірін қалыптастыру. Бізде шығармашылық арқылы әлеуметтендірудің жақсы тәжірибесі бар. Бұл «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» – балаларға арналған инклюзивті фестиваль. Біз бұл үлгіні Қазақстанға түгел таратып, балаларды шығармашылық арқылы әлеуметтендірудің жаңа Adaptation орталығын құрғымыз келеді. Біз инвесторлар іздеу үстіндеміз және мемлекеттің көмегіне үміттеніп отырмыз», дейді.
Кінәратты ерте анықтау маңызды
Өз кезегінде Президент жанындағы Отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Шолпан Сыздықова: «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар да елдің азаматтары. Қазіргі заманғы инклюзивті қоғам құру – жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар дамыған және адамгершілік мемлекеттің белгісі. Қазақстанның мемлекеттік саясаты барлық азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге, әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәртебесіне қарамастан сапалы білім алуына бағытталған. Инклюзивті білім беру елдің білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырылады және қоғам дамуының қазіргі кезеңінің жетекші үрдісі. Ел заңнамасында ерекше білім беру қажеттіліктерінің алуан түрлілігін ескере отырып, жеке мүмкіндіктеріне қарамастан, барлық азаматтардың сапалы білімге қол жеткізу құқығына кепілдік берілген. Бұл мәселедегі ең негізгі бағыттың бірі – баланың өсіп-жетілуіндегі кемшілік белгілерін ертерек анықтау.
Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде мүмкіндіктері шектеулі балалар өмірінің барлық кезеңдерінде мекемеаралық өзара іс-қимыл құру қарастырылғанын атап өткен жөн. Бұл бағытта бірқатар іс-шаралар белгіленіп отыр, олардың ішінде: зат алмасудың тұқым қуалайтын ауруларын анықтау үшін жаңа туған нәрестелердің іріктемелі скринингін енгізу (орфандық (сирек кездесетін) аурулар орталығын құру), кереңдік/құлақ мүкістігінің дамуы бойынша қауіп тобындағы сәбилерді ерте диагностикалау және оңалту (Тренинг-орталық құру), психофизикалық даму скрининг, офтальмологиялық скрининг, ерте араласу, баланың білім алуға бейімділігін анықтау, оңалту орталықтары, балабақшалардағы арнайы топтар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, ресурстық сыныптар құру қарастырылған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балалардың осал жағдайларын зерделеу мақсатында әлеуметтік педагог пен әлеуметтік қызметкердің қатысуы да көзделген.
«2010 жылдан бастап Қазақстанда неонаталдық скрининг белсенді енгізіліп, табысты жұмыс істеді. Бұл тұқым қуалайтын ауруларды ерте анықтауға, ерте мүгедектікке, нәрестелер мен балалар өлім-жітіміне әкелетін аурулардың ауыр клиникалық көріністерінің дамуын болдырмау үшін емдеуді уақтылы тағайындауға бағытталған. Қазір скринингке жаңа туған нәрестелерді фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозға жаппай тексеру кіреді. Алайда қазір тұқым қуалайтын метаболикалық аурулармен ауыратын балалар көп, олардың диагнозын анықтау мүмкіндігі бар және дер кезінде анықтау аса қажет іс», дейді балалар психиатры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ клиникалық пәндер кафедрасының профессоры Қорлан Сәдуақасова.
Саламатты қоғам белгісі
2016 жылдан бері «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» фестивалін қолдап жүрген «Күзет» мамандандырылған күзет бөлімшесі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Фомин көтеріліп отырған осы мәселелерге өздерінің әлеуметтік жауапкершілік жолындағы мақсаттары сәйкес келетінін атады.
– Саламатты қоғам кемтар және материалдық мүмкіндіктері аз адамдарға көмектесуі керек. Біз бәріміз балаларымызды жақсы көреміз, олардың дені сау, бақытты болғанын қалаймыз. Бірақ кез келген адам осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бала тәрбиесі мен оны өсіру міндетін өз бетінше шешу өте қиын. Біз үшін балалардың өмірге дайын, сенімді болуы және өздері үшін тұра алуы маңызды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдау және шығармашылық дамыту үшін Adaptation консультациялық-дамыту орталығын құру идеясы біздің компаниямыздан қолдау тапты және бұл бағдарға бизнес-қоғамдастық пен мемлекет қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Кез келген бизнес әлеуметтік ортада жүзеге асырылады. Сондықтан қоғамның, әсіресе балалардың мүдделерін елемеу мүмкін емес. Балаларды физикалық және рухани сауықтыру орталықтарын ұйымдастыруға дайын адамдарды біріктіріп, қаржылай қолдайық», дейді Ю.Фомин.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл не деді?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне ерекше назар аудару қажеттігін атап өткені аян.
«Мәдениет және спорт саласында бюджет қаражатын жұмсаудың басты басымдығы – бұқаралық балалар спорты мен өнер үйірмелері. 2019 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өңір әкімдеріне осы міндет туралы хат жолданды, бірақ еленбеді және Президент Жолдауынан кейін де 2020 жылғы бюджеттер балалардың қажеттіліктерін ескерусіз құрылды және кәсіби спорт командаларын қаржыландыруға пайдаланылды. Біз «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейту мақсатын көздейтін өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп ұсындық. Қазір Парламентте бірнеше нормативтік-құқықтық актілер қарастырылуда. Олар қолда бар бюджеттерді жергілікті билік органдарының спорт пен мәдениетке тиімді жұмсау мақсатын көздейді. Яғни республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру талап етілмейді. Мен бейіндік заңнамаға ұсынылатын толықтырулар балалар мәдениеті мен спортының ерекшелігі талап ететін түрде дәл қабылдануын және 2020 жылдың соңына дейін қабылдануын талап етемін», дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қазір өңірлердің бюджеттерін қалыптастыру жүріп жатыр және ұсынылған заңдар әкімдіктерді бюджет ақшасын Қазақстан халқының – балаларының мұқтаждықтарына жұмсауды міндеттейді, спорт секциялары мен өнер үйірмелерін тегін етуге және оған қатысушылардың барлығы (жеке ұйымдарды қоса алғанда) спорттық қызмет көрсететін секциялар мен шығармашылық үйірмелер – ата-аналардан емес, мемлекеттік тапсырыс бойынша ақша ала алады дейді. Бұл балаларға сүйікті ісімен айналысуға, өз қабілеттері мен дарындарын дамытуға, елге лайықты азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Барлық меншік түріндегі қолданыстағы және болашақ секциялар мен шығармашылық үйірмелерде балаларды жаттықтыратын-оқытатын ересектер үшін мыңдаған жұмыс орнын ашады.
Сандар, көрсеткіштер және тағдырлар
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында, қоғамдық және жеке ұйымдарда білім беру бағдарламалары бойынша оқытумен, тәрбиемен және оңалту-педагогикалық қолдау бағдарымен 155 647 бала қамтылған, бұл 96,58%-ды құрайды. 2019 жылмен салыстырғанда ерекше білім берілуіне зәру балаларды оңалту-оқытумен қамту 1%-ға ұлғайды (2019 жылы – 95,58, 2020 жылы – 96,58%). Оның ішінде: арнайы білім беру ұйымдарында – 21 479 бала (13,3%), жалпы білім беретін мектептердің арнайы топтарында/сыныптарында – 18 511 бала (11,5%) бар.
Ал инклюзивті топтарда/сыныптарда (дені сау балалармен бірлесіп оқыту) – ерекше білім берілуіне зәрулігі бар 69 701 бала немесе 43,2%ы оқиды. Сонымен қатар үйде білім алатын 12 982 (8%) бала есепте тұрса, кәсіптік мектептер мен колледждерде 2 306 ұл мен қыз (2,2%) білім алып отыр. Жеке, қоғамдық білім беру ұйымдарында – 14 970 бала (9%) тіркелген. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында түзету – педагогикалық қолдау барлығы 40 610 балаға (25,2%) көрсетіледі, оның ішінде ауыр психикалық ауытқуларға байланысты мектеп ұйымдарына бармайтын балалар – 2 415 (2,3%). Әлеуметтік қорғау жүйесінде психикасының ауыр бұзылыстары бар (ауыр және терең ақыл-ой кемістігі бар, білім беру ұйымдарында білім беру стандартын меңгеруге қабілетсіз) 4 493 (2,7%) бала түзету-педагогикалық қолдау алады.
Жалпы еліміздің білім беру жүйесінде ерекше білім берілуіне зәру балаларға тегін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 98 арнайы мектеп, 38 арнайы балабақша, 15 оңалту орталығы, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 200 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді.
АЛМАТЫ