Дүйсенбіде 9 айға созылған футболдан Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы өз мәресіне жетті. 29-мәрте ұйымдастырылған ел біріншілігін 12 команда бастағанымен, екі турдан кейін Павлодардың «Ертіс» клубы қаржылық қиындыққа байланысты чемпионаттан шығып қалды. Сөйтіп маусымның соңына дейін 11 клуб жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлап, «Қазақстан чемпионы» деген атаққа және келер жылғы Еурокубок бәсекелеріне қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға таласты.
Биылғы чемпионат пандемияға байланысты ерекше жағдайда өткенмен, жанкүйерлер есінде біраз сақталатыны анық. Наурызда старт берілген ішкі біріншілік екі рет басталып, екі рет кейінге шегерілді. Сондай-ақ осы жылғы маусым ең ұзақ ойналған және тұңғыш рет бір аймақта өткен чемпионат ретінде тарихта қалды. Бұған дейінгі ең кеш чемпионат 1999 жылы аяқталған болатын. Сол біріншіліктің соңғы туры 27 қарашада ойналған-ды. Ал 2008 жылғы біріншілік 20 қарашада мәресіне жеткен. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы жанкүйерлердің стадионға кіруіне рұқсат берген жоқ.
Осындай қиын жағдайда өткен біріншілікте футбол мамандары елорданың «Астана» командасы жетінші чемпиондығын тойлап, Алматының «Қайраты» мен былтырғы маусымнан кейін құрамын бірқатар мықты футболшымен толықтырған Қостанайдың «Тобылы» күміс жүлдеге таласады деп болжаған болатын. Сондай-ақ үздік үштіктің қатарынан «Ордабасы» клубы да үмітті саналған. Бірақ чемпионат соңында командалар мамандар болжамының күл-талқанын шығарды. Маусымды өте сәтті бастаған «Қайрат» ел чемпионатындағы ең басты қарсыластары – «Астананы» екі ойында да қапы қалдырып, елорда командасынан чемпиондықты тартып алды. Жалпы «Қайраттың» бұл чемпиондығы мамандардың болжамымен сәйкес келмесе де, аса таңғалдыра қойған жоқ. Өйткені алматылықтар биыл чемпионға лайық өнер көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Екінші турда «Шахтерден» 1:0 есебімен жеңілгенін есептемесеңіз, чемпиондық атаққа қол жеткізгенге дейін бірде-бір рет қарсыластарына есе жіберген жоқ. Тек соңғы екі турда ғана ұпай ала алмады. Оның өзінде бас бапкер Алексей Шпилевский жасыл алаңға қосалқы құрам мен Академия тәрбиеленушілерін шығарды.
Бір қызығы, былтырғы чемпионаттың соңғы турында А.Шпилевский баспасөз мәслихатында келесі жылы жанкүйерлердің үмітін ақтап, чемпион атанамыз деп уәде беріп, биыл сол уәдесінің үдесінен шықты.
Ал маусымның басы мен орта тұсында бір жеңіп, бір жеңіліп ала-құла ойған «Тобыл» соңғы алты турдың бесеуінде тәуір ойын көрсетіп, араға 12 жыл салып күміс жүлдеге қол жеткізді. Қостанайлықтар ең кейінгі күміс жүлдесін 2008 жылғы маусымда жеңіп алған болатын. Соңғы турларда жеңіске жеткен «Тобыл» келесі жылы да Еурокубок ойындарында бақ сынайтын болды.
Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты дегендей, ел біріншілігінің алты дүркін чемпиондары «Астана» өз атақтарына сеніп, алтын жүлдеден де, күміс жүлдеден құр қалды. Шымкенттің «Ордабасы» клубы соңғы турларда сәтсіздікке ұшырамағанда, «Астананы» үшінші орыннан да ығыстырып жіберуі мүмкін еді. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп қола жүлде мен Еурокубок жолдамасын қоржынына салды. Жалпы биыл «Астана» үшін өте сәтсіз маусым болды. Маусымдағы сүреңсіз ойынын айтпағанның өзінде, бір маусымда үш бапкер ауыстырып үлгерді.
Бюджеті жағынан «Астанамен» шамалас болған «Ордабасы» клубы үшін де бұл маусым сәтсіз өтті. Былтыр ғана қола жүлдені иеленген шымкенттіктер биыл сол жетістігін қайталау былай тұрсын, соңғы Еурокубок жолдамасын беретін төртінші орыннан да тыс қалып, чемпионатты бесінші орынмен қорытындылады. 2019 жылғы біріншілікте шымкенттіктерді өрге сүйреген Жоао Пауло биыл да командасын алға қарай жетелегенімен, бір өзінің шамасы жетпеді. Былтырғы Премьер-лигада 31 матчта 15 гол соққан Пауло биыл 22 ойында 12 гол соғып, чемпионаттың үздік сұрмергені атанды.
2013 жылы Еуропа футболын дүр сілкіндіріп, Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткен Қарағандының «Шахтері» кейінгі жылдары сүреңсіз ойын көрсетіп келген-ді. Әріге бармай-ақ кейінгі екі жылдағы көрсеткішін айтар болсақ, «кеншілер» командасы 2018 жылғы маусымды 8-орынмен аяқтаса, 2019 жылы 9-орынды қанағат тұтқан болатын. Былтырғы маусымның соңында «Шахтер» футбол клубының басшылығында өзгеріс болып, команданың атқарушы директоры ретінде Ерлан Оразаев тағайындалды. Бір жылдың ішінде жаңа команда жасақтап шығарған Оразаев ә дегеннен-ақ «кеншілерді» Еурокубокқа шығарды. Биыл пандемияға байланысты футболдан Қазақстан кубогы өткізілмеген соң, Еурокубоктың соңғы жолдамасы ел біріншілігінде төртінші орын алған командаға берілді.
Сондай-ақ ел біріншілігінде ең нашар ойын көрсетіп, 11-орын иеленген «Оқжетпес» келесі жылдан бастап Бірінші лигада өнер көрсететін болды. Ал былтыр төменгі лигаға түсіп қалған «Ақтөбе» мен «Атырау» биыл Премьер-лигаға қайта оралды.
Биылғы біріншіліктің бірқатар статистикалық мәліметтерін назарларыңызға ұсынсақ: биылғы маусым Қазақстан чемпионатының тарихындағы ең аз гол соғылған чемпионаттың бірі болды. 11 команданың шабуылшылары 22 турда 274 гол соқты.
Чемпион атанған «Қайрат» командасы қарсыластарының қақпасына 48 гол соғып, ең үздік нәтижені тіркеді. Ал «Тобыл» командасы өз қақпасына ең аз гол өткізген (16) команда атанды.
Биылғы маусымда Жоао Пауло («Ордабасы») 2000 жылдан кейін Қазақстан чемпионатында үздік шабуылшы атанған екінші бразилиялық футболшы атанды. Бұған дейін 2000 жылы «Ертістің» шабуылшысы Нилтон Мендес 21 гол соққан болатын. Ал қазақстандық футболшылар арасынан Абат Айымбетов («Қайрат») 10 гол соғып, екінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрінді.