Ұлттық музейде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мектеп музейлерінің жетекшілеріне «Оқу-тәрбие үрдісінде мектеп музейлерін тиімді пайдалану» тақырыбында алғашқы қалалық семинар өтті.
Шараның мақсаты – мектеп музейлерін дамыту жолдарын және оларды оқу үрдісінде пайдаланудың тиімді тетіктерін ұсыну.
Семинар мектеп музейлері мамандарының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Өткеннен қалған тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қор сақтау, экскурсиялық, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу қызметі мамандары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» МКҚК, сондай-ақ елордалық мектеп музейлерінің жетекшілері баяндама жасап, оқу-тәрбие үрдісінде мектеп музейлерін тиімді пайдалану тақырыбы аясында өзекті ойларын ортаға салды.
Тәжірибе алмасу мақсатында семинарға әлемге әйгілі археолог, тарихшы және реставратор Татьяна Николаевна қатысып, Ұлттық музейдің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Аустрия, Италия, Дания, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей елдерінде өткен ғылыми форумдардың қатысушысы, жүзден астам ғылыми еңбек пен басылымның авторы музей қызметін дамыту мәселелері мен жаңа әдістері аясында тың идеяларымен бөлісті.
Жиын соңында музей жұмысында туындаған мәселелер зерделеніп, семинарға қатысушылардың озық тәжірибелерін қолдану арқылы, мектеп музейлерінің жұмысында жаңа әдіс-тәсілдері мен мектеп музейлері қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Сонымен қатар аталған семинардың белсенді қатысушылары арнайы сертификаттармен марапатталды.