Республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 2 жылдан аса уақыт өткен Шымкент алдағы уақытта қалай және қай бағытта дамиды? Бас жоспары 2012 жылы бекітіліп, 2018 жылы нақтыланған қаланы үлкен өзгерістер күтіп тұрғаны анық. Ол өзгерістер әрине, бүгінде байқау жарияланған Бас жоспарға тікелей байланысты болады.
Қала бюджеті 455,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жоғарыда айтылған мәселелер бойынша өз пікірі мен әкімдіктің ұстанымын жеткізді. Көптің талқылауына түсіп, қызуы әлі басыла қоймаған ипподром аумағында құрылыс салу бойынша барлық әрекет заң шеңберінде жүргізілмек. Яғни жан-жақты зерттеліп, тұрғындардың талқысына салынады, ортақ шешім бойынша әрекеттер нақтыланады. Ал Шымкент қаласындағы №125 мектеп мұғалімдері көтерген мәселелер бойынша бүгінде тиісті мекемелер жұмыс істеуде. Заңсыздықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар көрілмек. Инфрақұрылым, коммуналдық мәселелер бекітілген жоспарларға және белгіленген мерзімге сәйкес шешімін таппақ. Мысалы, қала әкімі биыл желтоқсанда аяқталуы тиіс «Бозарық» қосалқы стансасы іске қосылған соң жарықтың жиі сөнуі немесе жетіспеушілігі сынды келеңсіздік болмайтынын мәлім етті. Жалпы қалаға берілген мәртебе оның бүгіні мен ертеңіне ерекше ықпал етіп отыр. Яғни жауапкершілік пен артылған сенім үдесінен шығу мақсатында барлық салада оң өзгерістерге қол жеткізілуде.
– Елбасы Жарлығымен жаңа мәртебе берілген тарихи шешім қала дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Республикалық мәртебе алғалы бері қалаға 1 трлн теңге инвестиция тартылды, 1,3 млн-нан аса шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала бюджеті 131,2 млрд теңгеден 455,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осыдан 2 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде 523 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71 пайыздан 88 пайызға артты. Қалада 72 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 160 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы өнеркәсіптік өнімнің үлесі 23 пайызды құрайды. Өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ жұмыс істеп тұр. Осы 3 индустриалды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңге 10 мыңнан аса жұмыс орнымен 170 жоба жүзеге асырылуда. Биылдың он айында 98,6 млрд теңгеге 5,5 мың жұмыс орнымен 100 жоба жүзеге асырылып, 66,5 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Жыл соңына дейін инвестициялық көлемі 20,9 млрд теңгеге 566 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылады. Ал «Жұлдыз» индустриялды аймағында 105,0 млрд теңгеге 8 мыңнан аса жұмыс орнымен 60 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр, – деді Мұрат Әйтенов.
Инвестициялық өсім бойынша екінші орында
Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету бағытында екі бірдей агро-индустриалды аймағын іске қосу жоспарланып отыр. Біріншісі – аумағы 136 гектар жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу бойынша 28 жоба іске асырылады. Екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құрып, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауытын салу жоспарлануда. Бұл аймақта шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру көзделген. Үшінші мегаполисте бүгінде агроөнімдерді қайта өңдеуге басымдық беріліп отыр. Осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда 5,3 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 30,7 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан. Салаға бағытталған инвестиция көлемі 7 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге өсіп отыр. Қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында қалада 92 гектар жерге сауда-логистикалық аймағы құрылған. Мұнда қазір екі компания қызмет көрсетуде. Одан бөлек, 3 логистикалық жобаның құрылысы жүргізілуде.
– Қалаға тартылатын инвестицияның көлемі де артып келеді. Осы жылдың 10 айында қала экономикасына 223,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54,3 пайызға артты. Инвестициялық өсім бойынша Шымкент республикада 2-орында тұр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвесторлардың пулын жасақтау бойынша 2020-2025 жылдар аралығында құны 1,4 трлн теңге болатын 157 инвестициялық жобаның базасы әзірленген. Оның ішінде биыл шетел инвесторларының қатысуымен 13,1 млрд теңгеге 350 жаңа жұмыс орнымен 5 жоба іске асырылып отыр. Президент Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен баспана мәселесіне тікелей байланысты екені айтылған болатын. Осы орайда баспанамен қамту үшін тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударып отырмыз. Бюджет есебінен 8 077 пәтерлі 136 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 280 пәтерлі 5 арендалық, 4 461 пәтерлі 77 кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, – деді М.Әйтенов.
Сондай-ақ биыл 417 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көлік кептелегін болдырмау мақсатында 4 ірі жолайрық салу жоспарланып, биыл біреуінің құрылысы басталды. 4 көпірде қайта құру жұмысы жүргізіліп, 4 көпір күрделі жөндеуден өтті. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі жыл соңына дейін 60 пайызға жетеді. Қала әкімінің дерегінше, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін биыл газбен жүретін 590 жаңа автобус әкелініп, автобус парктерінің 80 пайызы жаңарған. Сонымен қатар қоғамдық көліктерге «Төлем» электронды билеттендіру жүйесі енгізіліп, 260 аялдама орнатылған.
Алдағы 5 жылда 85 мектеп салынады
Шымкент қаласында қазір 7 020 орындық 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5 100 орындық 8 мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы 5 жылда 63 882 орындық 85 мектептің құрылысын жүргізу бойынша арнайы жоспар әзірленген. Осының есебінен ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы өз баяндамасында қашықтан оқуды ұйымдастыру мақсатында биыл 47 330 компьютер алынғанын, нәтижесінде жыл басында 28 оқушыға бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келетінін атап өтті. Үшінші мегаполисте COVID-19 ауруының ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жасалған. Бүгінде А, В, С жоспары бойынша 5 416 төсектік орнына дейін ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Қалада жалпы қуаттылығы күніне 3 550 тестке жететін 9 ПТР зертхананың жұмысы жолға қойылған. Жедел жәрдем 100 автокөлікпен толығып, қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жететін Сall-center іске қосылды. Биыл 6,4 млрд теңгеге 7 медициналық мекеменің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд 600 млн теңге бөлінген. Бүгінде Шымкентте 19 компьютерлік томография аппараты жұмыс істеп тұр. Жыл басында қалада 310 ӨЖЖ аппараты болса, қазір олардың саны 612-ге жетті. Үш оттегі стансасы орнатылды. Сонымен қатар бүгінде қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеу үшін 1,7 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Пандемияға байланысты мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық базасы, мәдени және спорт секілді өзге шығындардан 9,5 млрд теңге қаржы оңтайландырылып, үнемделген қаржы денсаулық сақтау, дезинфекция, қашықтан оқу режіміне қатысты шығындарға қайта бағытталған.
– Биыл теміржол вокзалын «ҚТЖ»-дан қабылдап алдық. Десе де бұл вокзал халқының саны өсіп бара жатқан Шымкентке лайық емес. Сол үшін ҚТЖ-да арнайы жобалық-сметалық құжат жасалды. Оның күрделі жөндеуі мен көріктендірілуіне 6,2 млрд теңге қажет. Қала жоспары бойынша шаһардың солтүстік бағытына заманға сай жаңа теміржол вокзалы салынуы керек. Егер жаңасы салынса, қазіргі вокзалға тек жөндеу жүргізіп, оны өзінің талаптарына сай келтіреміз. Сондықтан қазіргі вокзалға күрделі жөндеу жүргізудің орнына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы жарты жылда нақты шешім қабылданады, – деді қала әкімі.
Қаладағы қазіргі әуежай тиісті талаптарға сай емес. Бұл орайда М.Әйтенов инвестордың, яғни SCAT әуе компаниясының көмегімен жалпы аумағы 35 мың шаршы метр болатын үлкен әуежай салынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, биылдың өзінде құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс еді. Бірақ өкінішке қарай, пандемияның салдарынан шетелден келуі тиіс көптеген құрал уақытында келмей қалды. Наурыз мейрамына дейін аяқтау жоспарда бар. Сондай-ақ М.Әйтенов журналистер сұрағына орай «Ордабасы» футбол клубының бюджеті команда еурокубоктан шығып қалғаннан кейін 2,5 млрд теңгеге дейін қысқартылғанын айтып өтті. Үнемделген қаржы пандемиямен күреске жұмсалған.
Шымкент