Геолог ауылдық округінің «Бірлік» шағын ауданында тұратын Әлия Исимова бұрын базарда сауда жасаған екен. Кейін ауырып, арбаға таңылыпты. Бірақ өмір сүруге құлшынысын жоғалтқан жоқ.
Соңғы бес жылдан бері балалар киімін тігетін шеберхана ашып, жұмысын табысты жүргізді. Ол осы жылдар ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жобасын қаржыландыру үшін төрт рет қаржы алды. Тігін машинкасынан ісін бастаған мүмкіндігі шектеулі жан қазір тоғыз адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Биыл біз шеберханамызды кеңейтуді көздедік. Сол мақсатқа 6 млн теңге несие алдық. Маусым айында қосымша құрылыс салуды аяқтадық. Карантинге байланысты жаңа жабдықты сатып ала алмай отырмыз. Алайда бұл мәселе жақын арада шешімін табарына сенемін, – дейді тағдырдың қиындығына мойымаған Әлия Исимова.
Оның айтуынша, карантин кезінде оның шеберханасына тапсырыс берушілер қатары азаймады. Өйткені Әлия Исимова ашқан шеберхананың тігіншілері балалар киімін сапалы тігеді. Ал тапсырыс берген тұтынушылар тарапынан шағым болған емес.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауды мен де сезіндім. Ең бастысы, әркімнің өз жобасын іске асыруға ықыласы болуы керек. Мен ұсынған бизнес-жобаға «Еңбек» бағдарламасымен өте тиімді шарттармен несие алдым. Несиені өтеу мерзімі – 4 жыл. Ал жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болғаны біз секілді кәсіпкерлерге үлкен қолдау болады деп ойлаймын. Несие төлемін мерзімінде төлеймін. Сол себептен болар, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қызметкерлері маған қажетті қағаздарымды тез ресімдеп берді, – деді Ә.Исимова.
Атырау облысы