Кең даланың киесі атанған киіктерді аяусыз ату деректері тыйылмай тұр. Қаскөйлер құрып кетуге жақын тұрған киіктерді атып, бас пайдасына жаратып, оңай олжа іздейді. Жуырда Сыр өңірінде тағы бір заңсыз аң аулау дерегі орын алды. Қызылордалық полицейлер облыс көлемінде өтіп жатқан “Киік” шарасы барысында 5 желтоқсан күні кешке күдікті автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан атылған киік табылды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.