• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2020

Шымкентте медициналық еріктілер мектебі ашылды

297 рет
көрсетілді

"Қазақстанның медициналық жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі "Qolda 2.0" шұғыл көмек бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 16 қарашасында "Медициналық еріктілер мектебі" әлеуметтік жобасын іске қосты. Жоба аясында Шымкенттегі және Қазақстанның 15 аймағындағы медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін біріктіру жоспарлануда. Бұл Қазақстанда аналогы жоқ бірегей жоба.

Аймақтық мектепте 30 ерікті дәріс алатын болады. Оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

- медициналық ұйымдарға еріктілік көмек көрсету;

- халықтың медициналық сауаттылығын арттыру;

- алғашқы көмек көрсетуге үйрету;

- халық арасында донорлықты насихаттау;

- халықтың денсаулығын нығайту және COVID-19 профилактикасын жүргізу.

Мектепте білім алушылар алғашқы көмекті уақытылы көрсетуді, төтенше жағдайлар кезінде жедел көмек көрсетуді және жағдайды дұрыс бағалап, көмек жоспарын сауатты құруды үйренеді.

"2020 жылы басталған пандемия медицина мен денсаулық сақтау біздің елдің әрбір азаматы үшін ең маңызды салалар екенін көрсетті. Өкінішке қарай, біздің өңірлерде медициналық мамандар жетіспейді. Ал медициналық еріктілікті дамыту және сертификатталған медициналық еріктілерді даярлау аймақтық денсаулық сақтау саласына көмектеседі. Яғни, медициналық еріктілер - дәрігерлер мен медбикелердің көмекшілері ретінде науқастарға көмек көрсетіп, тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізе алады." - "Қазақстанның медициналық жастары" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш.

Жақын арада Түркістан қаласында еріктілерді оқытатын тағы бір мектеп ашылады деп жоспарлануда.

"Медициналық еріктілер мектебі" әлеуметтік жобасы денсаулық сақтау саласындағы еріктілер санын көбейту мақсатында құрылды. Республикалық "Медицина жастары" қоғамдық бірлестігі өкілдерінің айтуынша, еріктілік мамандық емес, хобби болып есептеледі. Медициналық университеттер мен колледждер студенттерінің бос уақыттары аз, бірақ соған қарамастан олар  еріктілікке қызығушылық танытып жатыр.

Мектепте білім алған медициналық еріктілер халықаралық медициналық еріктілік тәжірибеге сүйене отырып, жоғары деңгейдегі білім алатын болады, сонымен қоса, медицина саласының үздік мамандары өткізетін тренингтер мен шеберлік сыныптарға қатысатын болады.

Пандемияның басталуымен медициналық еріктілер қажеттілігі сезіле бастағанын атап өткен жөн. Коронавирустық инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда тұрған емдеу-профилактикалық мекемелер медициналық еріктілерді оқыту мен нұсқаулық беруге уақыттарын және басқа да ресурстарын жұмсады. Осыған байланысты қазіргі уақытта медициналық еріктілерді алдын-ала дайындаудың қажеттілігі туындайды. "Қазақстанның медициналық жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі алдарына қойған мақсаттары дәл осы.