Бурабай баурайындағы етек-жеңі кең пішілген Мәдениет ауылының қариялары бір мешіттің жоғынан көңілдері жүдеп жүрген еді. Олқылықтың орнын толтыру үшін 1991 жылы алғашқы қадам да жасалған.
Ауыл ақсақалдары кеңесе келе, бос тұрған бір үйді мешіт етіп қайта жабдықтауды қолға алды. Төбесіне көзтартарлықтай етіп күмбез орнатылды. Ішкі бөлмелері жамағат жиналғанда намаз оқуға, жаназа шығаруға лайықталып қайта бөлінді. Басқаша мүмкіндік болмаған соң осылай лаждаған. Ал мешіт өте қажет еді. Бұрыннан ынтымағы бекем, бұра тартар тентек-телісі, ала жіптен аттайтын суық қолдылары да жоқ ауыл тұрғындары шарапаты мол иманға ұйыса, бірлік бүгінгіден де бекем бола түсер еді.
2012 жылы ауыл имамы Сатыбалды Әбдірашұлы ел ақсақалдарымен жаңа істің жай-жапсарын саналарымен салмақтап, егжей-тегжейлі кеңесе келе, жаңа мешіттің құрылысын бастауға бел буды. Ел ертеңін ойлаған ұйымшыл жұрт бірден келісе кетті. Осы ауылдан түлеп ұшқан, тепкен тасы өрге домалап тұрған кәсіпкерлер де қолдады. Сөйтіп, 2013 жылы жаңа мешіттің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруға елге жанашырлығы мол Нұрлан Ыбыраев, Мүтәлап Жұманбаев, Балташ Қосыбаев, Ермек Бекбаев тәрізді азаматтар көп еңбек сіңірді.
Мәселенің бәрін қаржы шешетіні белгілі. Бұл тарапта да аса көп қиындық бола қойған жоқ. Жапаровтар мен Мергенбаевтар әулеттері және осы ауылдың перзенттері Бауыржан Елубаев, Мырзабай Әбдіхалықов сынды азаматтар қомақты қаржы бөлді. Қалғанын ауыл тұрғындарының өздері көтерді. Осындай ынтымақтың нәтижесінде 10 млн теңге көлемінде қаражат жиналды.
Ортақ іске ауыл тумасы, «Азия Фильтр» серіктестігінің басшысы Индира Ыбыраева 2 млн теңге көлемінде көмек көрсетіп, ауыл азаматтары тайлы-таяғымен түгел жиналып, жаңа мешіттің шатырын жауып, алыстан көз тартатын көрнекті күмбез орнатты. Биыл жазда осы ауылдан түлеп ұшқан түлектер арасында өткен «Жақсылық жасаудан жарысайық» эстафетасына қатысушы Жомарт Балташев пен Бауыржан Әбдіхалықов бастаған азаматтар 800 мың теңге қаражат жинап, жаңа мешітке су құбырын тартып, ішіне жылы еден орнатып, жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп жасап берді.
Қазір ауылдағы еңсесі биік құлшылық үйі имандылық ұйыған ауылдың рухани байлығын еселеуге септігін тигізіп тұр. Бұл да – ел бірлігін ойлаған, жақынына жанашыр бола алатын жамағаттың өнегелі ісі.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы