• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 08 Желтоқсан, 2020

Банктер шағын бизнесті көбірек қолдай бастады

335 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта екінші деңгейлі банктер шағын бизнес иелеріне көбірек несие ұсына бастаған. Бұл туралы Ұлттық Банк деректерінде айтылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Басты қаржылық қадағалаушының мәліметінше, 2020 жылдың қараша айының басында аталған секторға банктер 2,3 трлн теңге берген. Ал былтыр шағын бизнес 2,1 трлн теңге алған еді. Бір жыл ішінде бөлінген сома 9,5 пайызға немесе 200 млрд теңгеге өсіп тұр. Заңды тұлғалар 1,9 трлн теңге алса, жеке тұлғалар 354,5 млрд теңге несие алған.

Аймақтар арасында Алматы көш бастап тұр. Алматыдағы шағын бизнеске биыл 1,35 трлн теңге бөлінген (бір жылда 17,4 пайыз өсім). Одан кейін Нұр-Сұлтан (265 млрд теңге) және Қарағанды облыстары (80 млрд теңге) тұр. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы да 70 млрд теңге межесін еңсерген.

Облыстардың ішінде аз қаражат алған өлке – Қызылорда облысы (28,3 млрд теңге), Алматы облысы (24 млрд теңге). Ал ең аз сома енді жаңарып, түлеп келе жатқан Түркістан облысына тиесілі. Аталған өлкедегі шағын бизнес кәсіпорындары 5,7 млрд теңгені қанағат тұтқан.

Мемлекет шағын және орта бизнесті 2022 жылға дейін ұжымдық табыс салығынан, жеке табыс салығынан, әлеуметтік және бірыңғай жер салығынан босатқан еді.  

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, 2019 жылдың аяғындағы дерек бойынша елімізде 439 839 компания тіркелген. Соның 431 044-і шағын кәсіпкерлік нысандары екен. Осының өзі-ақ шағын кәсіпкерліктің отандық бизнесте қаншалықты үлесі жоғары екенін аңғартса керек.

Келер жылдың басынан бастап екінші деңгейлі банктер және "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы жеңілдетілген несие беріле бастайды. Орта және шағын бизнес субъектілері үшін шекті мөлшер – 3 млрд теңге болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер үшін 50 млн теңгеден аспауы тиіс. Бөлінген қаражат наурыз айының соңына дейін игерілуі тиіс. Бұл да шағын кәсіпкерлікке берілетін несие көлемін арттыра түсері сөзсіз. Оны бизнес иелері қаншалықты қажетіне жаратады, жеңілдетілген несие тиімді болды ма, жоқ па, ол келесі материалдың жүгі болмақ.