"Shopan ata" ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына Ашық хат жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz
"Президентке бұйымтай" деп басталатын хатта Алмасбек Жұмабекұлы елімізідң күнтізбе тізіміне жалпы малшылар қауымына ортақ "Шопан ата" күнін белгілеуді сұраған.
"Елімізде әр жыл сайын Құтқарушылар күні, Қаржыгерлер күні, Археологтар күні секілді атаулы күндер ұмыт қалмайды. Тіпті әлем халықтарымен бірге Мысықтар күнін, Шаштараздар күнін де атап өтетіндер бар. Мен елді-мекендерді, шалғайдағы ауылдарды көп аралаймын. Қамшы ұстаған елмен жиі жолығамын. Малшылар қауымы төрт түліктің артында жүрсе де елдегі маңызды жаңалықтарды қалт жібермейді. Олардың да белгілі бір мәселеге өзіндік пікірі, азаматтық ұстанымдары бар. Ал Малшылар күнінің маңызын осы ағайындар кәдімгідей түсініп, сұрап отыр. Өткен аптада бұл ұсынысымызды Қазақстан халқының талқысына салдық. Ол үшін әлеуметтік желілерде арнайы сұрақ-жауап жазбаларын ұсындық. Елдің ықыласы ерекше екенін көріп отырмыз. Бұл ретте "Shopan ata" қой өсірушілер қауымдастығының атынан Қазақстан Республикасының мерекелік күндерінің тізбесіне малшылар қауымының атынан Шопан ата күнін енгізу туралы шешім қабылдауыңызды сұраймыз", дейді А.Жұмабекұлы.
Ашық хаттың мазмұнында Алмасбек Садырбаев бұл күннің маңыздылығы мен қажеттігін айтып: "Бұл мейрам жалпыхалықтық сипат алуы үшін күннің жылыған шағына, нақтысын айтсақ, маусым айының екінші жексенбісіне белгіленгені дұрыс деп санаймыз. Аталған мейрам аста-төк ысырапты көздемейді. Қазақтың "...Үшінші байлық он саулық" деген аталы сөзін негізге ала отырып, мейрам атауын ресми "Шопан ата" деп аталуын құп көреміз. Бірақ мейрам барша малшылар қауымына ортақ болмақ", деп бұл күнді қалай және қашан атап өтуге болатынын да көрсеткен.
"Shopan ata" қауымдастығының төрағасы өз ашық хатын: "Бұл ретте "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын алға тарта отырып, ел экономикасының дамуына үлес қосып келе жатқан шопандар қауымының бұйымтайы жауапсыз, ескерусіз қалмайды деп сенеміз", деп аяқтаған.
Айта кетейік, елімізде қараша айының ішінде жалпы "Ауылшаруашылық қызметкерлері күні" атап өтілгенімен, малшы қауымға арналған күнтізбелік мереке жоқ.