Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 27 мың өтініш, арыз-шағым түскен. Бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп. Өтініштерді қабылдау саны бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр, деп хабарлайды Egemen.kz
Партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, арыз-шағымдардың 16,3 мыңы, яғни 62 пайызы оңтайлы шешілген. Ал 10 мың өтінішке заң аясында кеңестер беріліп, бүгінде оның 111-і қаралу үстінде. Арыз-шағымды талдау нәтижесінде өтініштердің 61 пайызы қаржылық көмек және "BIRGEMIZ" қоры арқылы ақша мен азық-түлік себеттеріне байланысты келіп түскені анықталған. Оның ішінде 12 пайызы праймеризге қатысты сауалдар, 9 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаждық, 2 пайызы тұрғын үй-коммуналдық және 2 пайызы жұмысқа орналасу, заңсыз жұмыстан шығару, еңбек ақы өндіру мәселесіне қатысты жолданған. Ал 14 пайызы – денсаулық сақтау, білім беру, халықты тіркеу және құжаттандыру, кәсіпкерлікті қолдауға қатысты шағымдар.
Арыз-өтініштердің басым бөлігі, яғни 6800-і облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен. Ал 2100-і Сарыағаш аудандық, 2 мыңы Жетісай аудандық, 1900-і Түлкібас аудандық филиалдарына жолданған. Өтініш білдіргендердің басым бөлігі немесе 9,4 мыңы (35,5%) көпбалалы және толық емес отбасылар болса, 1,8 мыңы (7%) – жұмыссыздар, 6 мыңы (6%) ерекше қажеттіліктері бар адамдар, 459-ы (2%) зейнеткерлер. Пандемияға байланысты қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы онлайн-режимге ауыстырылған болатын. Биыл 13 наурыздан бері 23,6 мың азамат өтініш білдірсе, оның ішінде әлеуметтік желілер (Facebook және Instagram) арқылы 4,2 мың, whatsapp мессенджері арқылы 5,4 мың өтініш келген. Ал Түркістан облыстық, аумақтық партия филиалдарына жедел желі телефондарына 14 мыңнан астам қоңырау шалынған.
Соңғы 5 жылда облыста партия филиалының ұйымдастыруымен 22,1 мың қоғамдық қабылдау өткізіліп, 43400 азаматтың арыз-шағымы қаралған. Қоғамдық қабылдаулардың 262-сін Парламент Мәжілісінің, 5900-ін маслихат депутаттары, 15900-ін жергілікті атқарушы орган басшылары өткізген.
Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 17 қоғамдық қабылдау бөлмесі қызмет етеді.