• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Желтоқсан, 2020

Түркістанда 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға беріледі

200 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі эпидемиялық ахуалды бағалау көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы "жасыл аймақ" деңгейінде тұр. Өңірде 1 тамыз бен 7 желтоқсан аралығында пневмония ауруымен – 873, ал COVID-19 індетін жұқтырған 3517 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Egemen.kz

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов бүгінге дейін коронавирус індетін жұқтырғандардың 1332-сі симптомды, 2185-і симптомсыз жағдайдағы науқастар екенін айтты.

"Оның бүгінде 3415-і стационарда және үй жағдайында емделіп шықты. Қазіргі таңда 10 адам стационарлық ем қабылдауда, 44 азамат амбулаториялық жағдайда емделуде. Қарым-қатынаста болған 231 адам медициналық бақылауда", деді Н.Нышанов.

Ал облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов коронавирус індетінің екінші толқынына өңір толыққанды дайын екенін айтты.

"Бүгінде облыста 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсек - орын ұйымдастырылған. Қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын санын 5610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ауруханалар 2 айға жететін дәрі-дәрмек қорымен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Түркістан қаласында жыл соңына дейін 200 орындық жаңа инфекциялық аурухананы пайдалануға беру жоспарлануда", деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда өңір тұрғындарын дәрілік заттармен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бөлшек сауда дәріханалары арқылы жергілікті тұрақтандыру қоры құрылып, облыс бюджеті есебінен 349 млн теңге бөлінген.