Шымкентте көп қабатты тұрғын үйдегі бейнебақылау камералары арқылы пәтер ұрлығы 70 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласында қылмыстың санын азайту және алдын алу мақсатында учаскелік полиция қызметкерлері тұрғындармен үйлердің кіреберісіне тиісті камераларды орнату бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде, көп қабатты үйлердің кіре-берістеріне 2 462 камера орнатылып, қылмыстың төмендеуіне ықпал етті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы ПД бастығы Е.Жұмаханбетов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.
– Пилоттық жоба ретінде "Қазақтелеком" телекоммуникациялық компаниясы арқылы бейнебақылау камералары қараша айында Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығына қосылған болатын. Аталған жоба негізінде қылмыс саны едәуір азайды. Бүгінде 16 қараша мен 7 желтоқсан аралығында, қала көлемінде 955 қылмыс тіркелген. Тонау – тоғыз (2019-29), бұзақылық – 26 (2019-61), ұрлық – 269 (2019-518). Ал пәтер ұрлығы – 27 болып, өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға төмендеді, – деді департамент бастығы.
Сонымен қатар, нөлдік төзімділік қағидасы және әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 758 құқықбұзушылық анықталған.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 434-бабы – 294 (Ұсақ бұзақылық), ҚР ӘҚБтК 440-бабы – 63 (Қоғамдық орында спирттік ішімдік ішу), ҚР ӘҚБтК 449-бабы – екі (Қайыршылық), ҚР ӘҚБтК 517-бабы – бес (Көші-қон заңнамасын бұзу), ҚР ӘҚБтК 441-бабы – 146 (Қоғамдық орында темекі шегу және тастау), ҚР ӘҚБтК 204-бабы – сегіз (Заңсыз сауда), ҚР ӘҚБтК жол ережесін бұзу – 161, ҚР ӘҚБтК 442-2-бабы (Түнгі уақытта ата-анасыз және заңды өкілсіз үйде тыс жерде жүргені бойынша) – 79.