Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанда микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Президент тапсырмасымен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қарыз жүктемесін азайту бойынша теңдессіз қадамдар жүзеге асырылды. Тиісті шаралар қабылданып, тұтынушылық несиелеу нарығындағы тәуекелдерді төмендетуге жағдай жасалды. Дегенмен бұл салада проблемалар әлі де бар. Бұл жайында Мемлекет басшысы биылғы қыркүйекте жариялаған Жолдауында айтқан болатын", деді Мәжіліс депутаты Альберт Рау.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мироқаржы ұйымдарында микронесиелер 170 мың кәсіпкерге және 810 мың жеке тұлғаға тиесілі. Жекелеген несиелер бойынша қарыз алушылардың 38 пайызы төлем мерзімін өткізіп алған, осы орайда 300 мыңға жуық адам қамтылған.
"Азаматтарды қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу мақсатында депутаттар микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу бойынша заң жобасын әзірледі", деді депутат. Заң жобасында коллекторлық агенттіктер жауапкершілігін арттыру қарастырылған. Бұл агенттіктерге талаптарды қайта қарауға олардың қызметіне қатысты шағымдардың көп болуы себеп.