• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2020

Ақмолада коронавирустың таралуы азайып келеді

226 рет
көрсетілді

Облыс "сары" аймаққа өтті. Өңірде бір тәулікте 60 адамнан індет анықталған. Облыстың санитарлық бас дәрігері Айнагүл Мусина соңғы бір апта бойы вирус таралуының төмендеп келе жатқанын мәлімдеуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыс 23 қарашадан бері қауіптің қызыл аймағына енген өңірлер қатарында болатын. Соңғы тәулікте 60 адамның ауруға шалдыққаны белгілі болды. Яғни, аурудың таралуы бәсеңдеген. Егер Көкшетау қаласын жеке қарастырсақ, қарашаның басында күніне 70-ке жуық адам ауырса, қазір күн сайын облыс орталығында 35-32 адамнан жаман тұмау анықталуда.

"Қазір облыс орталығындағы жағдай едәуір түзеліп, вирустың таралуы шамамен 50 процентке төмендеді. Бірақ, карантин шараларын жеңілдетуге әлі де ерте. Көп жағдайда тұрғындар жеке қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Бұл жай індеттің қайта өршуіне әкеліп соғуы мүмкін", – дейді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.

Облыстың санитарлық бас дәрігерінің айтуынша, оң нәтиже бір апта бойы сақталса, карантин шараларын жеңілдету жайлы ұсыныс жасалуы мүмкін.   

"Ел "сары" аймаққа өттік деп сақтық шараларын сақтай бермеуі мүмкін. Сондай салғырттықтың салдарынан індет қайта өршуі де ықтимал. Мұндайға жол бермеу үшін көпшілік іс-шараларды өткізбеуге, барынша қоғамдық орындарға бармауға міндеттіміз", – дейді Айнагүл Мусина.

Облыс аумағында репродуктивтілік көрсеткіші 1-ден төмендеген. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1,27 болса, қазір, 0,95-ке тең. Алайда, асығыс байлам жасауға болмайды. Мамандар өңір тұрғындарын карантин талаптарын қатаң ұстануға шақырады.