• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Желтоқсан, 2020

Ауылшаруашылық кооперативтері (Ет бағытындағы бірлестіктер неліктен тығырыққа тірелді?)

428 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «...Бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» деген маңызды міндет қойылған еді. Содан бері үш жыл өтті. Елбасы Жолдауы ауылдық елді мекендерде кооператив ұжымдарының көптеп ашылуына серпін берді.

Кейінгі үш жылдың ішінде Қос­танай облысында отызға жуық ауылшаруашылық өндірістік кооперативі ашылды. Олар «Ең­бек» нәтижелі жұмыспен қамту бағ­дарламасының екінші ба­ғыты аясында кепілсіз жəне ал­ғашқы жарнасыз арзан несиеге бірден 15 модульді сүт қабылдау жəне 13 мал сою пунктін сатып алды. Коо­п­еративтердің 13-і етті мал басын көбейтуді көз­дейді, ал 15-і сүт бағытын дамытуға жұмылдырылған. Бү­гін­де сүт кооперативтері табыс­ты жұмыс істеп келеді. Ал ауыл тұр­­ғын­да­ры бағып отырған малды лайық­­ты баға­мен ешбір делдал­сыз ір­гелі ет өңдеу кәсіп­орын­дары­на тікелей өткізуге қол жет­кі­зу мақ­сатында құрылған ет бағы­тын­дағы кооперативтердің жұмы­сы керісінше тығырыққа тіреліп тұр.

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәліме­тінше, ауылдық елді мекендер­де ашылған мобильді сүт қа­был­дау пункттері жыл басынан бері облыстағы іргелі сүт өңдеу кә­сіп­орындарына 23 мың тонна­дан астам сүт өткізген. Бұл жерде ауылшаруашылық коопера­тивтерінен сатып алынатын әр литр сүттің 125 теңгеге бағала­нып, оның үстіне мемлекет коо­ператив өткізген 1 литр сүтке 10 теңгеден субсидия төлей­­тінін ескерсек, әр отбасы қора­дағы сауын сиырдан алатын бір литр сүтін 135 теңгеге сауда­лау мүмкіндігіне ие болып отыр. Бүгінде облыстың 9 ауда­нында сүт бағытындағы 15 ауыл­ша­руашылық коо­перативі табысты жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Қостанай ауданына 4 ауыл­­ша­руашылық кооперативі бар. Олар – Московский, Октябрьский, Заречный ауылдық округтері мен Александров ауылында.

Московский ауылдық округіндегі «Бо­лашақ» ауылшаруашылық коопе­ра­тиві 2017 жылы мамыр айында құ­рыл­ған. 20 отбасы бас қосып, «Ырыс» бағ­­дарламасы бойынша 6 пайыздық жыл­дық сыйақымен 24 млн теңге жеңіл­детілген несие ресімдеп, оған сүт қа­былдау пунктін сатып алды. Одан кейін біраз уақыт қор жинап, 5 млн тең­ге­ге сүт сақтайтын тоңазытқыш алды. Кооператив төрағасы Азат Мишторийдің ай­туынша, ауыл тұрғындары бірігіп, сүт өн­діріп сатуға жұмылғалы қорадағы мал­дан түсетін табыс та еселене түскен.

– Алғаш 20 үй бірігіп, 64 бас сиыр сатып алдық. Ауылымыз облыс орталы­ғынан 50 шақырымдай жерде орна­лас­қан. Биыл Қостанайдағы «Милх» сүт зауытына 700 тоннаның үстінде сүт тап­сырдық. Сүт өңдейтін кәсіпорын мен біздің ауылдың арасы онша қашық емес. Сүт тасымалдайтын көлікті жалдап отырмыз. Ауылдың басқа тұрғындары тапсырған сүтінің әр литріне 110 теңге алады. Ал кооперативке мүше отбасылар тапсырған сүтке 125 теңге алады, бұл бірінші пайда. Екінші пайдасы, мемлекет кооператив тапсырған әр литр сүтке 10 теңге субсидия төлейді. Осылайша, кооператив мүшелері сүттің литрінен 135 теңге пайда алып отыр. Қазір ауыл­да әр отбасы кем дегенде 10-15-тен сиыр ұстайды. Кооперативке тіркелген үйлерде жалпы саны 300-ге жуық сауын сиыр бар. Сүтін тиімді саудалап, қолдағы малдың пайдасын көріп отырған ауыл тұрғындары енді табыстың көзі қайда екенін түсініп, сауын сиырды көбейтіп жатыр, – деді А.Мишторий.

Кооператив төрағасының сөзінше, биылғы сәуірден қазанға дейінгі алты ай ішінде ұжымға мүше әр отбасы тек сүттің өзінен ғана айына 400 мың теңге табыс тауып отырған. Біз 20 отбасыдан тұратын кооперативтің алты ай жаз өткізген 700 тонна сүтін 135 теңгеге көбейтіп көрдік: 94 млн 500 мың теңге шықты. Еңбек күшін, жол шығынын, алым-салығын алып тастағанның өзінде 20 отбасының әрқайсысы жарты жыл ішінде 4 млн теңгеден таза табыс тауып отыр. «Болашақ» кооперативі алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтіп, мал басын өсіре түскісі-ақ келеді. Алайда коопе­ративтің меншігінде жердің жоқ­ты­ғы қолбайлау болып тұр. Әкімдік бөліп берген ауылдың айналасындағы ж­а­йылым жазда қолайлы болғанымен, мал­дың қысқы азығын дайындап алатын шабындық жоқ.

– Бізге ең маңызды нәрсе шабындық жер ғой. Өзіне тиесілі шабындығы, азын-аулақ егін егетін жері болмай, ауыл­­шаруашылық кооперативтері то­лық дамымайды. Бізде қазір не ша­бын­­дық, не егістік жер жоқ. Облыс әкім­дігі мен ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сындағылар осы жағын ойласып, кооперативтердің пайдасына шешіп берсе, ауыл тұрғындарының айы оңынан туар еді. Әйтпесе қазір жем қымбат, тоннасы 50 мың теңге тұрады. Ал егер бізге 100 гектар жер берсе, өзіміз сол жерге арпа егіп, жем қылып алуға болар еді. Оған техникамыз да жетеді. Бес-алты тракторымыз, екі арқалы көлігіміз бар. Қазір 20 отбасы әкімдіктің 200 гектарға жуық шабындық жерін бөліп шауып алады. Бірақ жердің өз меншігіңде болғаны дұрыс қой, – деді кооператив төрағасы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, бүгінде сүт кооперативтері ауыл­дағы еңбек әлеуетінің артып, жеке үй шаруа­шы­лықтары табысының есе­ленуіне септігін тигізіп отыр. Алайда коопе­ратив иелері шаруашылықты мұ­нан әрі дамыту мүмкін болмай отыр дейді. Өйткені меншікті шабындық пен егістік жер жоқ.

 

Қасапханалар қаңырап тұр

Жоғарыда айттық, 2017 жылы Қостанай облысындағы 13 ауданда бір-бір­ден ет бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтері құрылып, оларға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы әрқайсысы 22 млн тұратын 13 модулді мал сою пункті сатып алынған. Кооператив қасапхана құнының жартысын ғана төлеп, қалған 11 млн теңгені мем­лекет төлеп беруі тиіс болатын. Алайда осы 13 МСП-ның бүгінде 9-ы жұмыс істемей тұрғандықтан, бірсыпыра кооперативтер мемлекеттің қолдауы арқылы келген қасапхананың қарызын төлей алмай отыр.

Ет кооперативтерін құру тұрмысы не­гі­зінен төрт түлікке байлаулы Жан­гел­дин, Амангелді, Науырзым аудандары үшін аса маңызды. Әр кооператив мал сою пункттерін ашып, сол арқылы ауыл тұрғындары қолындағы малын дүкенге немесе ет өңдеу зауыттарына тікелей ла­йық­ты бағаға сатуға қол жеткізсе, ауыл-ауылда отбасылық бордақылау алаң­дары көбейіп, жеке үй шаруа­шы­лық­тары дамып, ауыл хал­қының табысы өсе түсер еді. Әу бас­тағы ниет осы еді, бірақ істің түбі шикі болып шықты.

Қымбат тұратын қасапхананы Жан­гел­дин ауданындағы «Ақбота Торғай-3» АШ кооперативі де алған.

– Мал сою пункті 22 млн теңге тұ­рады. Оның 50 пайызын біз, 50 пайызын Үкімет төлейтін болып келісілген. Мұның сыртында, 160 кило тартатын бір мал соятын болсақ, бағдарлама бо­йынша мал басына 20 мыңнан субсидия төленуі тиіс еді. Мәселен, айына 30 бас мал сойсақ, 600 мың теңге субсидия төленеді. Осыны есептеп көрсек, 11 млн теңге несиені төлеуге болады екен. Бірақ кейін субсидия төленбейтін болып шықты. Үкімет қасапхана алғызып алды да, артынша субсидияны алып тас­тады. Содан ауылға әкелген мал сою пункті де жұмыс істемей босқа тұр. Мұның алдында Амангелді, Жангелдин аудан­дарына Ауыл шаруашылығы минис­трлігі өкілдері келіп, ауылдық округ­тердің әкімдерін жинап, мал сою пунктін алыңдар, соятын малдарыңды кооперативке тапсырасыңдар, ал кооператив мойнындағы қарызды субсидия арқылы жабады. Сосын мал сою пункті кооператив иелерінің меншігінде қалуы керек деп насихат жүргізді. Бірақ сол іс сөз күйінде қалды. Бізге мал сою пунктін 2017 жылдың желтоқсанында әкеп берді. Біз жерін, қосылатын суын дайындап қойдық. Әкелген фирманың мамандары қасапхананы өздері қосып, көрсетіп беруі керек еді, олар тастады да кетіп отырды. Осылайша, бірде-бір мал сойылған жоқ, қасапхана су жаңа қалпы тұр. Бұл енді кооперативтің мойнына ілініп тұрған дүние. Сонымен бұл іске аспай қалған бағдарлама болды. Қасапхананы жұмыс істететін болсам ақша төлеуім керек қой, оны қай қалтамнан төлеймін? Қасапханаға алған 11 млн несиені де төлей алмай отырмыз. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры сотқа беріпті. Өткен жылы сот орындау­шылары келіп, қасапханаға арест салып кеткен. Қазір мал сою пункті сот бұғатында тұр, – деді «Ақбота Торғай-3» АШ кооперативінің төрағасы Ерболат Зейнуллин.

Науырзым ауданында да дәл осындай бір қасапхана жұмыс істемей тұр. Бірақ сонда да кооператив мойнына ілінген 11 млн теңге несие қарызын төлеп отыр. Бұл ауданда құрылған «Науырзым мал өнімдері» АШ кооперативінің төрағасы Ернар Омаровтың айтуынша, қасапхана қазіргі бәсекеге қабілетсіз.

– Мал сою пунктінің салқындатқышы ғана бар, мұздатқыш камерасы жоқ болып шықты. Елден мал қабылдап, оны сойғанымызбен, апарып өткізетін ет өңдеу кәсіпорындары алыс. Мұның сыр­тында, ауылдың малы арнайы бор­дақылау алаңдарындағы малдың еті­не қарағанда арықтау болып келеді. Сон­дық­тан бордақылау алаңдарының малын соятын ірі мал сою пункттеріне бәсе­ке бола алмаймыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын облысқа сол кездегі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев келген. Сол кезде осы қасап­ха­на­лар мәселесіне қатысты сұрақ қойдым. «Осы бағдарламаның негізі жақсы еді, бізді қарызға тықтыңыздар да, субсидия береміз деген уәделеріңізден тайқып кеттіңіздер» деп едім, вице-минстр: «Это была тупая программа, мы ее приостановили, поэтому идите на банкрот», деп жауап берді. Осылайша, 20 мың теңге субсидияға сеніп, мойнымызға қарыз іліп алып отырмыз, – деді Ернар Омаров.

Кооператив төрағасының сөзінше, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «мал сою пункті» деп ауылға ор­нат­қан дүние мал сою пункті болмай шық­қан.

– Оның бәрін әкеліп орнатқан соң, мал сою пунктін ветеринария келіп тек­сер­ді. Олар аспаннан түскендей «мынау мал сою пунктіне жатпайды, бұл мал сою алаңы болады, өйткені мұздатқышы, тағы бір нәрселері жоқ», деді. Бірақ соған қарамастан, бастапқы кезде біраз мал сойдым. Біреу соғымдық малын алып келеді, біреу сатып бер дейді, балабақшаның малын сойып бердік. Қасапшының еңбекақысын төлеу үшін, сойылатын мал иесінен қызметақыны қымбат сұрауға тура келеді. Ауылда бір мал 15 мыңға сойылып жатса, қасап­ха­на­да 25 мыңға сойылуы керек. Өйткені суым, төлейтін салығым, электр ақысы, қасапшының еңбекақысы есептелінеді. Сөйтіп адамдар келмей қалды. Оларға қасапшы апарып үйінде сойдыртқан тиімді. Сонда да ай сайын несиені тө­леп, қасапхананы сақтап қалып отырмын. Бүгін болмаса, ертең кәдеге асып қалар деген үміт бар, – деді кооператив тө­рағасы.

«Науырзым мал өнімдері» АШ коопе­ра­тивіне әу баста 100-ден астам отбасы мүше болып тіркелген. Бүгінде содан 21 отбасы қалып отыр. Ұжым төрағасының асыл тұқымды бір-екі бұқасы бар. Ауыл тұр­ғындары қорадағы сиырына сол бұ­қа­ны қосып, мал басын асылдандыруда. Мал басын асылдандырып жат­қан кооператив мүшелері әр аналық ірі қара үшін мемлекеттен 10 мың теңге субсидия алады. Бірақ бұл ақша баяғы қасапхана қарызын жабуға кетіп жатыр. Ет кооперативтерінің бүгінгі жайы осындай. Ернар Омаровтың сөзінше, Науыр­зым ауданында ет бағытын да­мыт­­қаннан гөрі сүт бағытын дамытқан тиім­ді. Өйткені Науырзым өңірінде мал оңайлықпен семіре қоймайды. Мұның сыртында, малдың пайдасын кем дегенде алты ай кейін көресің, ал сүттен күн сайын пайда түсіп жатады. Аудан орталығы Қарамеңді мен Қостанайдың арасы шамамен 200 шақырым. Сүт қа­был­дау пункті, тоңызытқышы бар көлік болса, шаруаны дөңгелетіп әкетуге әб­ден болады.

 

Қостанай облысы