Қыстың қытымыр аязында арқалап отын тасып, күйелеш-күйелеш болып жүріп шаңырағы мен ошағын жылытқан қайран әке-шешелеріміздің бейнетін білетіндер некен-саяқ болар?! Бүгінде құбырлармен ағылып келіп, үйімізге жылу, қазанымызға береке дарытып отырған көгілдір отын айналасындағы ілкімді жобалар өздігінен іске асып жатпағаны тағы аян.
Бұл – орасан қаражатпен қоса, мыңдаған маман мен жұмысшының құлазыған далаларды газ құбырларымен жалғап, елді мекендердің тамырына жылу жүгіртіп жатқан қажырлы еңбегі.
Сонымен сейсенбі күні таң атпай Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Ұзынғаш» газ өлшеу торабында тындырылған тағы бір жобаны көзімізбен көріп, оның айналасында еңбектеніп жатқан мамандармен сұхбаттасу үшін жолға шықтық.
Бұл журналистік сапарымыздың мәні төмендегідей, Алматы қаласы мен облысын газбен қамтып отырған екі алып магистраль – «Қазақстан-Қытай» және «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбырлары арасын жалғайтын ТІР-03 бөлігінің «Ұзынғаш» өлшеу торабында жүргізілген күрделі реконструкция жұмыстарының нәтижелерімен танысуды мақсат еттік. Ірі қысымдағы құбырларды тоғыстырып, бір-бірімен жалғайтын ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясының басқаруындағы бұл жүйе бүкіл өңір энергетикасының маңызды бөлігі деуге болады. Оны қайта жарақтандыру арқылы газ мамандары өңірді газбен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырды.
Бұған дейін де біздер тәуелсіздік жылдарының бедерінде шетелдік БАҚ өкілдерімен бірге «ҚазТрансГаз» АҚ жүзеге асырған ең ауқымды жобалардың іске қосылу сәтіне куә болған жайымыз бар. Мұндай жобалар қатарына ел экономикасындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ «Қазақстан – Қытай» магистралдық газ құбырының 3 желісін толық пайдалануға бергенін қосуға болады. Бұл мегажоба Қазақстанды газ тасымалы және халықаралық газ транзиті жөніндегі Орталық Азияның ең белді ойыншысына айналдырған болатын.
Мына жаһан әлмисақтан табиғи ресурстар үшін таласып, қырғи-қабақ болып жатқан заманда Қазақстан айналасындағы көршілерімен қай кезде де көкейкесті болып келген көгілдір отын мәселесін тату жолмен шешіп, өзара тиімді энергетикалық жобаларды бірге жүзеге асыруы – шынында терең саяси мәнге ие.
Маңызды экономикалық және геосаяси мәнге ие осындай іргелі жобалар Түрікменстанды, Өзбекстанды, Қазақстан мен Қытайды «достық көпірімен» жалғап, Елбасының интеграциялық саясатымен үндесті.
Ал енді біздің жолымыз түсіп отырған «Ұзынғаш» газ өлшеу торабын қайта жарақтандыру – табиғи газбен Алматы және Алматы облысының тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарының қажеттілігін үздіксіз және барынша толықтай қанағаттандыруды қамтамасыз етудің төте жолы.
Өлшеу торабы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш стансасының аумағында орналасқан және газды механикалық қоспалардан тазарту, газ шығынын есепке алу, табиғи газдың жоғары қысымын (max9,81МПа) жобалық қысым 5,4 МПа дейін төмендету тәрізді технологиялық жабдықтар кешені кіреді.
БАҚ өкілдерін мұнда «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының «Алматы» магистралдық газ құбырлары басқармасының желілік-өндірістік басқарма бастығы Нұржан Жолдасбеков өз әріптестерімінен бірге күтіп тұр екен.
Басқарма бастығының айтуынша, газ өлшеу торабын қайта құрғаннан кейін оның құрамдас бөліктерінің қуаты артқан. Сонымен, газды есепке алу торабының өнімділігі енді екі есеге артып жылына 10,5 млрд текше метрді құрайды.
– Бұл БГР-ТБА – «Бұхара газды ауданы – Ташкент – Бішкек-Алматы» магистральды газ құбыры Алматы қаласы, Алматы облысымен қоса жалпы оңтүстік өңірді Бұхара газды ауданынан шыққан көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Дегенмен күн суытқан кезде Өзбекстан мемлекеті газдың көлемін шектейді. Өйткені қысқы маусымда көршілеріміз бірінші кезекте ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Өздерінен артылған газ ғана сыртқа нарыққа шығады. Сондықтан бұрын қыста газ тұтыну көлемі ұлғайған кезде Алматы, Алматы облысымен қоса оңтүстік аймақ көгілдір отын тапшылығын сезінетін еді.
2010 жылы іске қосылған осы құбырлар арасын жалғайтын кешен арқылы облыста көгілдір отын тапшылығы жойыла бастады деуге болады. Оған дейінгі елдің жағдайын өздеріңіз білесіздер. Бір ғана үйді газға қосу үшін біз газдың жылдық тұтыну көлемін ұлғайта алмайтын едік. Қазір халыққа қанша газ керек болса, сонша газ бере аламыз. Бұл құрылғының маңыздылығы да сонда, ол магистралдық газ құбырымен келген лас газды тазартып, есептейді және қажетті, жұмысқа жарамды қысымды реттейді, – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Алматы» магистралдық газ құбырлары басқармасының желілік-өндірістік басқарма бастығы Нұржан Жолдасбеков.
Қысқасы, бұл жерде «Қазақстан – Қытай» газ құбырынан алынған көгілдір отын Алматы облысына есептеліп, таратылады. Мұнан да бөлек, газбен үздіксіз қамтамасыз ететін негізгі бағыттарда төтенше жағдай орын алатындай болса, бұл торап баламалы көгілдір отын көзі ретінде «Қазақстан – Қытай» магистралды газ құбырын пайдалануға мүмкіндік береді.
Ел көлемінде ірі газ құбырларын өзара жалғайтын осы тәріздес 3 жалғастырғыш торап бар. Атап айтқанда ТІР-01, ТІР-02 Жамбыл облысындағы Ақыртөбе газ сақтау қоймасы мен Түркістан облысының Ақбұлақ поселкесінің маңында орналасқан. Және 2011 жылы пайдалануға берілген бұл тораптардың құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылған.
Сондай-ақ Алматы еліміздің ең үлкен мегаполисі болғандықтан, сәйкесінше көгілдір отынды тұтыну көлемі жылдан жылға артып келе жатқаны белгілі. Осы сұранысқа сай, келешекте ТІР-04 жалғастырғышын Алматы қаласы маңында салу жоспары бар. Оның үстіне Алматыдағы көмір пайдаланатын «ТЭЦ-2» жылу орталығы алдағы уақытта газға көшетін болса, осындай құрылғы, яғни бөлек торап салу қажеттігі сөзсіз туындайды.
Мамандар алдағы уақытта «ҚазТрансГаз» АҚ мен Энергетика басқармасы өзара мәмілені пысықтап, жетілдіріп, жоба басталар кезде газдың тұтыну көлемін анықтау қажет болатындығын алға тартады. Сол кезде осындай торап, жалғастырғыш салынып, ол «Қазақстан – Қытай» магистралдық газ құбырына жалғануы тиіс.
Тұрақты және үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз ету – ұлттық оператор қызметіндегі абзал міндет. Ел көлемінде газ тапшылығын болдырмау мақсатын көздейтін және тұтынушыларға газ жеткізудің баламалы жолдарын ұйымдастыру мәселелері де сәтті шешіліп келеді.
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы