Елімізде келесі жылдың басында Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы өтетіні белгілі. Соған орай Еуразиялық интеграция институтының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысында «Сайлау-2021: ерекшеліктері мен маңызы» атты сарапшылар кеңесі өтті.
Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаудың ерекшеліктері мен рөліне сараптамалық талқылау жасап, ел азаматтарының саяси мәдениетін арттыру мақсатында өткен дөңгелек үстелге қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саировтың айтуынша, еліміз парламенттік сайлаудың жауапты кезеңіне аяқ басты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, саяси реформалардың алғашқы пакеті әзірленді. Соның шеңберінде митингілер туралы жаңа заң күшіне енді. Бұдан басқа жеті заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді. Онда әйелдер мен жастардың сайлау партиялық тізімдеріне қатысуының 30%-дық квотасы бекітілді, саяси партияларды тіркеу шегі 50%-ға төмендетілді. Алғаш рет парламенттік оппозиция институты енгізілді. Бұл ретте Қазақстан – тұрақсыз әлемдегі тұрақты мемлекет екенін, ал алдағы сайлау – елдің эволюциялық даму жолындағы және азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейін арттырудағы келесі қадам екенін есте ұстаған жөн. Нәтижесінде барлық саяси жұмыстар, соның ішінде сайлау жұмысы қоғам мен азаматтардың бірігуі жолында жұмыс істеуі керек.
– Әлемде болып жатқан короновирус инфекциясына қарамастан, елімізде әлеуметтік салаға мән берілуде. Соңғы төрт жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам балабақша, 2 мыңнан астам мектеп салынған. Осындай оңды өзгерістер арқасында халықтың билікке деген сенімі артып келеді, – деді Ерлан Саиров.
Дөңгелек үстелде сөз алған Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің пікірінше, алдағы сайлау әдеттегіден өзгеше шешім қабылдайтын көшбасшы жастарды анықтайды.
– Сайлау науқаны басталғанға дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріне барлық санаттағы азаматтардың қатысуын арттыру бойынша шаралар жүргізілді. Бұл пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сәйкес келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың қызметін жандандырады. Алдағы сайлау осыған дейінгілердің барлығынан ерекше. Оның ерекшелігі, үгіт-насихатқа дейінгі ұзақ кезең, яғни 51 күн, – деді Мұхтар Төлеген.
Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауына қатысты мәселелер Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында, аудандарда талқыға салынғаны дұрыс екенін алға тартады. Оның айтуынша, 10 қаңтарда болатын сайлау ерекше режімде өткізілмек. Олай дейтіні, бұл сайлау коронавирус пандемиясына, әлемдегі экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келіп отыр. Кейбір үміткерлер осыны пайдаланып әдемі сөздерді, құрғақ уәделерді үйіп-төгуі де мүмкін. Сондықтан халық таңдау жасар кезде жан-жақты ойланып, өз таңдауларын жасауы тиіс.
Сондай-ақ өзге де сарапшылар өз ойларын ортаға салды. Олардың ішінде праймеризге қатысып, іріктеу сыннан өткендер де болды. Ендеше, сайлаудың әр қазақстандық азамат үшін маңызды екенін қаперімізде ұстап, жауапкершілік танытқан абзал. Дөңгелек үстелде сайлау нәтижесі мемлекеттің алдағы 5 жылына тікелей әсер ететіні де айтылды.
Шығыс Қазақстан облысы