Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» құрамын финляндиялық қорғаушы Алекс Линтуниемимен толықтырды. Бұл туралы команданың баспасөз қызметі хабарлады.
25 жастағы фин спортшысы шайбалы хоккейдегі алғашқы қадамын ХИФК командасында жасаған. Кейіннен ол өз елінің бірнеше командасында және Америка хоккей лигасында (АХЛ) өнер көрсеткен. 2014 жылы АҚШ-тың «Лос-Анджелес Кингс» клубына ауысқанымен, бірде-бір рет мұзайдынға шықпаған.
Сонымен қатар Линтуниеми әр жылдары Финляндияның жасөспірімдер және жастар құрамасында ойнаған. Ал биылдан бастап ересектер құрамына шақырту алды. Ол «Барыс» құрамына Финляндия біріншілігінде бақ сынайтын ЮП клубынан ауысып келді. Биылғы маусымда Алекс аталған командада 11 матч өткізіп, төрт (1+3) ұпай жинаған. Линтуниемимен келісімшарт маусымның соңына дейін жасалған.
Айта кетейік, «Барыс» бұған дейін құрамын канадалық қорғаушы Диллон Хетерингтон және шабуылшы Фил Варонемен толықтырған еді.