Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған екі қызын бағып-қағудан бас тартқан әйел табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Мүсірепов ауданындағы көші-қон қызметкерлері Қостанай облысындағы әріптестерімен өзара қарым-қатынас жүргізу нәтижесінде кәмелетке толмаған екі қызын бағып-қағудан бас тартып, әкеcіне тастап кеткені үшін сот шешімімен алимент төлеуге тиісті 43 жастағы әйелді іздеп тапты.
Әйелдің 2015 жылдан бергі қарызы 600 мың теңгеден асып кеткен.
«9-11 желтоқсан аралығында біз алимент төлеуге мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды іздеу жұмыстарын іздеуді күшейттік. Табылған адамдар туралы барлық ақпаратты біз сот орындаушыларына қарызды өндіріп алу үшін жібереміз», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Ал Қазақстандағы банк алдындағы қаржылық міндеттемелері бар 40 жастағы ер адамның тұрған жері Ресей Федерациясының Омбы қаласында анықталған. Акцияның бірінші күні 3 алимент төлемегеннің және 4 борышкердің тұрғылықты мекенжайы анықталды.