Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, тарлан тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Дәуір тегершігі айналған сайын тау тұлғалардың керуен жолы аласармай, алыстай түсіп, асқақтай береді. Өйткені адамзат тарихында артына өшпес мұра қалдырып, өркениет көкжиегін кеңейтуге үлес қосқан тұғырлы тұлғалардың болашақ ұрпақ үшін жол бастар темірқазық екені айқын. Ал біздің тарихымыз тұлғаларға кенде емес.
Сондықтан болса керек, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тұғырлы тұлғаларымыз туралы бастама көтеріп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасын қолға алуды тапсырған еді. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлы тұлғалар ұлықталып, әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 және Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Мерейлі жылда көптеген сүбелі еңбек, салиқалы дүние жарық көрді. Мәселен, бір ғана ««Egemen Qazaqstanda» Фараби мен Абайға қатысты 150-ге жуық мақала жарияланыпты. Алайда, өкінішке қарай, бірлі-жарым еңбектерді айтпасақ, тарихшыларымыз Фараби мен Абай тұлғасын зерделеуден тыс қалып келеді.
Биыл түбі бір түркі әлемі Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтті. Алайда Тоныкөктің тарихи тұлғасы туралы тарихшылар тарапынан зерттеулер жүргізілмеді. Күлтегіннің көк тасы елге әкелініп, жоғары оқу орнына орналастырылды, алайда оның да тұлғалық болмысы әдеби-тілдік зерттеумен шектелді. Адамзат тарихында бетбұрыстар жасаған Аттила, Шыңғыс хан сынды пассионар тұлғалар туралы жазушылар көбіне әдеби-көркем шығармалар жазуда. Бұл ретте ұлы тұлғаларды әсіре дәріптеу немесе мифтендіру үрдісі де белең алуда. Мәселен, Жошының тарихи тұлғасы жұмбақ күйінде қалып келеді. Ұлық Ұлыстың негізін қалаған Бату мен Берке хандар туралы да кешенді зерттеулер жүргізілмеді. Осындай олқылықтар салдарынан Берке хан сынды тұлғаларға арналған фильмдерде тарихымыз әжуаға айналды. Талас құрылтайын ұйымдастырушы, Моғолстан мемлекетінің негізін қалаған Қайду туралы да тұщымды тарихи зерттеулер жоқтың қасы, оқулықтарда ол туралы мәліметтер өте аз қамтылған.
Бірнеше жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Көптеген халықаралық жиын ұйымдастырылды, зерттеу жарияланды. Науқан өтті, алайда Қазақ хандығының тарихы түгенделді деп айту қиын. Тіпті тарихшыларымыз Қазақ хандығы туралы фильмнен де тыс қалды. Киногерлеріміз әлі күнге дейін кеңестік цензураның аяусыз сүзгісінен өткен Есенберлинге сүйеніп келеді, ал жұртшылық осы әдебиеттер мен көркем фильмдер арқылы тарих пен тұлғаны таниды. Бұл орайда жазушылар мен әдебиетшілер һәм журналистердің тұлғатануға қосып жүрген үлесін айта кету қажет. Алайда арнайы тарих методологиясын игермегендіктен және көбіне көркем шындықты нысана етіп алатындықтан қаламгерлердің туындыларын бұлжымас ақиқат ретінде қабылдау да қиын.
Балаларымыз ежелгі Мысырдағы перғауындардың қай жылдары ел билегенін жақсы біледі, көне Грек, Рим немесе бағзы Қытайдың ұлы тұлғалары да көпшілікке мәлім. Бізде байырғы бабалар тарихын айтпағанда, өткен ғасырдың өзін миф пен фольклордан ажыратып алу қиын. Тарих пен шежіре, ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тізбектей берсек, тұлғатануда мұндай мәселе өте көп. Біздіңше, оның бірнеше себебі бар. Тарихшылардың көбі шет тілдерін білмейді, сондықтан түпнұсқа құжаттармен жұмыс істей алмайды. Тұлғаларды зерттегенде шынайылық, объективтілік те жетіспей жатады. Өзіміз зерттеген тұлғаны ұлықтап, ал оның қарсыластарын негізсіз тұқыртуға да дайын тұрамыз. Салыстырып, сын тезінен өткізбесе, архив дерегінің өзі жаңылыс тұжырым жасауға ұрындыратынын ескере бермейміз. Мұнда кейде рулық, аймақтық сана да кері әсерін тигізіп жатады.
Бұл тек қазақ тарихы үшін ғана емес, түгел түркінің тұлғаларын түгендеу үшін де ортақ шетін мәселе. Баязит пен Әмір Темір, Тоқтамыс пен Едіге, Сұлтан Селим мен шах Исмаил арасындағы шиеленістерге обективті баға берілмеуі тарихымызды тұтас қарауға кері әсер етуде. Оның үстіне әрбір бауырлас ел өзінің негізін қалаушы «идеал тұлға» ретінде көбіне біріктіруші емес, бөлуші тұлғаны таңдап алған. Ортақ тұлғаларды әр елдің өзіне тартып, меншіктеуге ұмтылуы да бұған кері әсерін тигізуде.
Әрине, мұнда кеңестік саясаттың да ықпалы жоқ емес. Өйткені тарихымызда отарсыздану, арылу үрдісі әлі толық жүрген жоқ. Бұл ретте тұлға, қайраткер ұғымының өзі ұсақталып кеткен сияқты көрінеді кейде. Кеңестік кеңшардың директоры яки партия қызметінде «белсенді» болғанда «тұлға» деп әспеттеледі, мерейтойларында мақалалар жазылады. Базбіріне көше, мектеп аттары берілуде. Ал халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қалтарыста қалып қойғандар да аз емес. Мұның ақ-қарасын ажыратып, әділетті таңдау жасау – тарихшының міндеті болса керек. Тарих бәріне төреші десек те, бостандық жолында басын бәйгеге тігіп, азаттық үшін арпалысқан тау тұлғалардың тұғырына қонғанына не жетсін, шіркін...