• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 11 Желтоқсан, 2020

«Денсаулық соқпағы» басталды

222 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыға сапары аясында медицина, шығармашылық қауым өкілдерімен кездесіп, туристік мақсаттағы бірқатар нысанды аралады. Мемлекет басшысының ішкі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының үдесімен танысты.

Вице-премьер бастаған делегация «Медеу» базалық стансасы мен «Шымбұлақ» ТШК ең жоғары нүк­тесіндегі визит-орталықтарды, Tenir Eco Hotel глэмпингтік құрылыс алаңын­дағы жұмыстарды көрді.

Алматы қалалық туризм басқар­масының басшысы Сабина Аманкелді биыл инвесторлардың қаражатына жоғарыда аталған 2 визит-орталық салынып, Tenir Eco Hotel глэмпингтік аймағының құрылысы аяқталғанын мәлімдеді. Үш жобаға тартылатын жеке инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Бүгінде «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының ең биік 3200 метрлік нүктесінде іске қосыл­ған визит-орталықта курорт тура­лы ақпараттар, кәдесыйлар мен «Шым­бұлақ» лейблі бар фирмалық киімдерді, жабдықтарды жалға алуға, тау шаңғысы мен сноубордта сырғанауды оқытатын нұсқаушының қызметін және тауға жаяу жорық, қарда жүру, парапланмен ұшу қызметтерін сатып алуға болады.

Желтоқсан айында «Медеу» базалық стансасында «Денсаулық соқпағына» шақыратын және туристерге экотуризм бойынша ақысыз білім беретін визит-орталық іске қосылды. Биыл жыл соңында пайдалануға берілетін Tenir Eco Hotel глэмпингтік аймағынан Іле Алатауы шыңдарының ғажайып көрінісі ашылады. Жоба инвесторы Владимир Сарыбеков эко-үйлер толығымен қазақстандық зауыттарда жиналғанын, рециркуляциялық тазарту жүйесімен жабдықталғанын, бұл экологияны сақтау үшін маңызды екенін атап өтті. Кешеннің өзі халықаралық стандарттарға сәйкес және 30 төсектік орындық 10 эко үйден тұрады.

Қазіргі таңда курортта Қазақстан­дағы ең ірі тау шаңғысы мектебі – «Шымбұлақ» тау шаңғысы және сноуборд мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын мектепте тау шаңғысы мен сноубордтан 10 мыңнан астам сабақ өтеді, ал оқушылар саны 15 мың адамнан асады.

Туристік нысандарды аралап шық­қан Премьер-Министрдің орынба­сары қонақүйлер, тау шаңғысы кеше­ні, мей­рамхана, дәмхана, хостелдер және әр­түрлі бағыттағы демалыс орта­лық­та­ры бар курорттың барлық маусымда да қызмет ететінін ескере отырып, емдік-сауықтыру туризмін дамы­туға да ерекше назар аударылуы қажет­ті­гін жеткізді. Әсіресе пандемия жағ­да­йын­да қала тұрғындары мен қонақ­тары денсаулықтарын нығайтуы үшін тауға баруға барлық жағдай жасалуы қажет.

Алматыда туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 3 жылда 1 мың шақырымға жуық таудағы жаяу маршруттар цифрланып, жалпы ұзындығы 325 шақырым болатын 25 тау маршруты абаттандырылған. Биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында жалпы ұзындығы 171 шақырымдық 11 тау маршруты жөнге келтірілді. Бұл бағыттарда ақпараттық тақталар, стендтер, бағыттамалар, сәкілер, отыру орындары орналастырылған. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары таулы жерлерде серуендегенде жолдан адас­пай демалысын ұйымдастыра алады. Сонымен қатар қалада туристерге ақ­парат беретін 8 орын жұмыс істейді

«Халықаралық тәжірибеге сәйкес визит орталықтары – туристерді белгілі бір жерді таныстыратын бірінші нүкте. Мұнда келушілер алғашқы сәттен бастап өздеріне ғана емес, қоршаған ортаға да қамқорлық жасау керегін түсінеді. Дәл осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, біз Шымбұлақ таулы курортында да осыған ұқсас тәсіл қолдануды ұсындық», деді Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қ.Садуақасов.

«Қазіргі заманауи өзгерістер турис­тер­ді экологиялық бағдарланған дема­лыс форматына көбірек тартып жатыр. Егер мұн­дай ойын-сауықты әдеттегі жайлы тұ­ру әдісімен үйлестіру мүмкін болса, он­да саяхатшылардың көпшілігіне сапар шеге­тін бағыттарды таңдауға гламмингтер шешуші рөл атқарады. Экологиялық технологияларды қолдануды ескере отырып, мұндай жобалар барлығының көңілінен шығуы керек», дейді инвестор В.Сарыбеков.

Жұмыс тобы сонымен қатар 2021-2022 жылдары Алматы облысының туристік қызығушылығы бар жерлерде жүзеге асырылатын S.N.E.G қонақүй желісінің жобасымен танысты. Инвестор құрылыстың бірінші кезеңі үш түрлі жерде басталатынын хабарлады.

Сонымен қатар Е.Тоғжанов шаңғы және сноуборд мектебінің балаларымен және нұсқаушыларымен әңгімелесті. Былтыр тау курорты кешенінде қалалық әкімдіктің қолдауымен 1200-ден астам бала ақысыз жаттыққан. Осы арада ұзақ отбасылық демалыстарға қызығу­шы­лық артып келе жатқанын атап өткен жөн. Әлемдік нарықтағы басқа да тау шаңғысы курорттарымен, қонақүйлер­мен және туроператорлармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

«Қазір өзге елдермен шекаралар жа­бық болғандықтан, ішкі туризмді да­мы­та­­­тын кез келді. Туризм нары­ғын­­дағы аза­мат­тар бірігуге кірісті, бұл турис­тік өнім қол­жетімді бола бастады деген­ді білді­реді», деді «Шымбұлақ» демалыс ор­ны­ның бас директоры Ринат Әбдірахманов.

 

АЛМАТЫ