Елордада Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының баспасөз мәслихаты өтті. Жиында орталық басшысы Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева орталықтың қызметі туралы, партиялық емес бақылаудың және сайлауды бақылаудың жаһандық қағидалары туралы айтып берді.
Бану Нұрғазиеваның айтуынша, әлемнің 90-ға жуық елінен келген ұлттық сайлау байқаушыларының жаһандық желісіне 245 мүше ұйым қол қойған. Ол қоғамдық ұйымдар партиялық емес бақылаудың және сайлауды бақылаудың жаһандық қағидалары декларациясына адал екенін еске салды.
«Қазақстанның азаматтық альянсы үкіметтік емес ұйымдардың ірі бірлестігі ретінде, әртүрлі ҮЕҰ-ның күш-жігерін шоғырландыруға шешім қабылдады және барлық партиялық емес байқаушылармен ынтымақтастыққа дайын болатын бірегей орталық құрды. Орталық, сайлау учаскелерін барынша қамту үшін әлемдік стандарттарға сай байқаушыларды даярлайды», дейді Бану Нұрғазиева.
Одан бөлек Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Қазақстан кәсіподақтары федерациясы байқаушылары республикалық штабының жұмысы туралы айтты.
«Біз бұған дейін Кәсіподақтар федерациясы байқаушыларының республикалық штабының екінші отырысын өткіздік, байқаушылар санын аймақтар бойынша нақтылау, тренингтер өткізу, оларға материалдар әзірлеу сияқты мәселелерді талқыладық.
Жиында белгілі болғандай, ККФ Республикалық штабының бірінші отырысынан бастап шамамен 6 мың байқаушының 2,5 мыңға жуығы оқытудан өткен. Сонымен бірге Сайлауды партиялық емес байқау орталығының алаңында күш біріктіру тиімділігі сөз болды.
Белгілі қоғам қайраткері Айгүл Соловьева оны қолдаған тәуелсіз байқаушылар Хартиясының жобасы туралы және жоспарлар туралы айтты.
«Хартия ЕҚЫҰ қағидаттарына және Демократиялық сайлау стандарттары туралы конвенцияға негізделген. Жарғыға кез келген қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық белсенділер қосыла алады», деді ол.
Жиынға шақырылған «Шығыс-Батыс» Халықаралық геосаяси болжау орталығының президенті, саясаттану ғылымдары докторы, профессор Қарлығаш Нұғманова, Дипломатия институтының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Таисия Мармонтова бұл бастамаларды талдап, бағалады.
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Альтернатива» заманауи зерттеулер орталығы» ҮЕҰ директоры Андрей Чеботарев те тәуелсіз байқаушыларға қатысты пікірімен бөлісті.
«Мен осындай орталықтың құрылуын және осындай бастаманы құптаймын. Сайлауды партиялық емес бақылау жөніндегі халықаралық құжаттарды, БҰҰ-ның қолдауымен қабылданған сайлауды бейпартиялық байқаушылардың қағидаттары мен этикалық кодексін оқыдым. Сондықтан сіздің орталығыңыз тәуелсіз бақылау форматтарының бірі болып қана қоймай, халықаралық бастаманы қолға алғаныңыз қуантады», деді сарапшы.
Баспасөз конференциясына Zoom платформасы арқылы Орталықтың аймақтық байқаушылары, түрлі ҮЕҰ өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.