Коронавирус пандемиясының салдарынан Халықаралық үстел теннисі федерациясы (ITTF) биыл сәуір айында жарыстар мен спортшылардың рейтингін тоқтатып, олардың бұрынғы ұпайларын сақтап қалған болатын.
Енді, міне, әлемде жағдай біршама тұрақталған сыңай танытқан соң, қарашадан бастап жарыстар ұйымдастырыла бастады. Жуырда ITTF өткен айдағы үш жарысты ескере отырып, спортшылардың рейтингін қайта жаңартты. Ерлер арасында Әлем кубогында топ жарған Фан Чжендон (Қытай) рейтингте көш бастады. Ал Қазақстан құрамасының үздігі Кирилл Герасименко өзінің 46-орнын сақтап қалды. Әйелдер арасында Әлем кубогында да, ITTF финалында да жеңіске жеткен қытайлық Чен Мен де рейтингтегі бірінші орнын ешкімге берген жоқ.