Солтүстік Қазақстан облысында 200 бала жаңа жыл мерекесіне орай Президенттің сыйлығын алады, деп хабарлайды Egemen.kz
СҚО білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова брифингке қатысып, мектептерде Жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шаралардың өту тәртібіне тоқталды. Биыл дәстүрлі Президенттік шырша 24 желтоқсанға жоспарланған.
Сағат 11.00-де басталатын «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты мерекелік ертеңгілік онлайн өтетіндіктен, оны облыстық телеарна және әлеуметтік желілер арқылы барлық бала тамашалауға мүмкіндік алмақ.
«Президент Әкімшілігінің ұсынысын ескере отырып ұйымдастырамыз. Мемлекет басшысының атынан 200 балаға сыйлық табысталады. Олар: жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, ерекше білім беруді қажет ететін, мүгедек, сондай-ақ, спортта, білімде дарынды, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде белгілі бір жетістікке жеткен балалар. Аяз Ата мен Ақшақар әр жеткіншекке барып, сыйлықты салтанатты түрде табыс етеді. Бүгінде сыйлықтар әзір, мерекелік бағдарлама дайын», дейді Гүлмира Кәрімова.
Оқушыларды Президент атынан өңір басшысы Қ.Ақсақалов құттықтайды. Кейін балалар жаңажылдық ертегіні тамашаламақ. Ал 25 желтоқсанда ертеңгіліктер аудандар мен Петропавлда өтпек.
«Барлық мектептердің кезекші сыныптарында жаңажылдық ертеңгіліктер шыршаның қасында өтеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отыра ұйымдастырамыз. 25 баладан артық қатыспайды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ертеңгіліктер кесте бойынша 21 желтоқсаннан басталады. Аниматорлар мен ата-аналардың қатысуына рұқсат жоқ. Ал қашықтан білім алып жатқан балаларға Аяз Ата мен Ақшақар бейнеқұттықтау арнайды», дейді білім басқармасының басшысы.