Осы ай басталғаннан бері СҚО полицейлері 13 мас жүргізушіні ұстады. Ауыр салдарға соғатын жолдардағы өрескел бұзушылықтардың бірі – мас адамның рөлге отыруы,деп хабарлайды Egemen.kz
Осындай фактілердің жолын кесу үшін облыста профилактикалық жұмыстар жүргізілген еді. 13 мас осы шара барысында ұсталды. Оның 6-ы Петропавл қаласы аумағында.
Айыртау ауданынының орталығы Саумалкөл ауылында "Mitsubishi Outlander" автокөлігі жанар-жағармай құю бекетіне тоқтамақ болып, бұрылыста рөлге ие бола алмай кюветке кеткен. Оқиға орнына барған батальон қызметкерлері одан алкогольдің иісі аңқып тұрғанын анықтаған.
Ал 47 жастағы Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғынында көлік құралын жүргізу құқығы болмаған. Оның жүргізуші куәлігінің мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен. Қазіргі таңда ол сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын өтеуде.
"Заңнама талаптарын елемеушілік пен масаң күйде көлік жүргізудің тамырына балта шабу қажет. Жыл басынан масаң күйіндегі жүргізушілердің кінәсынан 25 жол-көлік оқиғасы жасалып, онда 6 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алған. Заңды елемейтін осындай жүргізушілерге қатысты қатаң профилактикалық жұмыс жүргізілетін болады", дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов.