• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Бокс 14 Желтоқсан, 2020

Боксқа құрмет неге бәсеңдеді?

329 рет
көрсетілді

Қазақстанды спорттық державалардың қалың шоғырына қарай тынбай сүйреп келе жатқан спорттың бір түрі – бокс деп айтсақ, аса жаңылыса қоймасымыз анық. Бұған дәлел де, дәйек те жеткілікті. Мысалы, біздің елдің атлеттері Жазғы Олимпиада додаларында жалпы саны 69 медаль алса, соның 22-сіне былғары қолғап шеберлеріміздің арқасында қол жеткізіппіз. Жалпақ тілмен айтқанда, жүлде біткеннің үштен біріндей бөлігін жойқын жұдырықты жігіттеріміз сыйға тартқан екен.

Мықтыларына машина мінгізді

Содан да болу керек, біздің елі­мізде боксқа деген көзқарас басқа спорт түрлеріне қарағанда ерекшелеу. Халықаралық аренада абыройымызды асқақтатып жүрген соң бұл саладан нені аяғандаймыз!

Десе де соңғы кездері бокс­қа деген махаббатымыз суып, құр­метіміз бәсеңдеп қалғандай кө­рі­неді. Бұған таяуда ғана Шым­кент қаласында мәреге жеткен Қазақстан чемпионаты мен одан кейін іле-шала өткен Ресейдің ішкі біріншілігін ойша салыстырып отырып қарағанда көз жеткізгендей болдық.

Иә, әр нәрсенің парқы салыстыр­ғанда байқалады. Сондықтан бокс жанкүйерлері мен мамандарынан кешірім сұрай отырып, «көк жәшіктен» көргеніміз бен көңілге түйгенімізді осы жерде талқыға са­луға тәуекел еттік. Бұл жерде Ре­­сей чемпионатындағы жекеле­ген жекпе-жектерді жіліктеуді қоя тұрып, жалпы жарыстың ұйымдас­тырылуы және көрші елдегі олим­пиялық спорт түрі – боксқа деген кө­зқарастың қандай деңгейде еке­ніне тоқтала кетуді жөн санадық.

Орынборда өткен Ресей чемпио­наты көршілеріміздің турнирді есте қаларлықтай етіп ұйымдастыру жа­ғынан бізден әлдеқайда көш ілгері кеткенін көрсетті. Олардың боксқа деп көрсеткен биік құрметіне риза бола отырып, өзіміздің ел чемпио­наты еске түскенде, көңілді мұң тор­лағаны да рас еді...

Орынбордағы жарысқа оралсақ. Жергілікті билік пен Ресей бокс федерациясы тізе қосып өткізген чемпионаттың жүлде қоры еріксіз таңдай қақтырды. Мысалы, әр салмақ бойынша чемпион болған боксшыға медаль, кубоктан бөлек, 500 мың рубль сыйақы және автокөліктің кілті табыс етілді. Ал 500 мың рубль дегеніңіз біздің ақшаға шаққанда 2 млн 837 мың теңге! Ол ол ма, күміс жүлдегердің алған сыйақысын қараңыз – 250 мың рубль (1 млн 418 мың теңге). Ал біздің чемпионатта топ жарған жеңімпаздың жамбасқа басқан сыйақысына келсек, ол бар болғаны 500 мың теңгені құраған...

Шымкенттегі ел чемпионатында әрбір жекпе-жектен соң марапаттау рәсімі ринг төрінде өткені белгілі. Сонда жеңімпаз бен жүлдегердің мойынына медальды шаршы алаңда төрешілік еткен арбитрдің іліп жат­қанын көрдік. Ал Орынборда жағдай мүлде басқаша болды. Мұн­да бокс деген спорттың бекзат тү­ріне лайықты құрмет көрсетілді. Ма­рапаттау рәсімі болғанда ринг төріне орыс боксында ойып орын алған бұрынғы былғары қолғап шеберлері құрметпен шақырылып, солар чемпион мен күміс жүлдегерді құттықтап, қомақты сыйақыны өз қолдарымен тапсырып жатты...

 

Сараңдық сан соқтырмасын

Осы біз қазіргі таңда боксты елі­міздегі №1 спорт түрі деп жүр­міз. Шаршы алаңдағы өнерімен қа­за­ғымыздың атын әлемге шығар­ған ше­берлерімізді тізіп айта берсек, тым алысқа ұзап кетеміз. Соған арқа сүйейміз де, Қазақстан бокс­ы әлем­дегі ең үздік үштікке енеді деп санаймыз. Мұнымен әлемдегі мық­тылардың көбі келіседі де, біздің бокс мектебіміздің әлеуетін мойындайтыны да шындық.

Әлбетте, шаршы алаңда көп мәселені материалдық игіліктің шешпесі белгілі. Бәзбіреулер Ку­баның «қара қабыландары» «аш­құрсақ» күйге қарамай-ақ әлемді аузына қаратып жүр ғой дер. Ол сөздің жаны бар, әрине. Дегенмен, Бостандық аралының боксшылары жоқ болған соң басқа түскенге көнеді. Ал бізде мемлекетіміздің спорттың осы түріне деген әкелік қамқорлығы кемерінен асып-төгіліп жатыр ғой. Әлде біз беткеұстар бокс­шыларымыз бен бапкерлерімізді тым қатты еркелетіп жіберсек, күні ертең бұзып аламыз ба деп қауіп қылып отырмыз ба? Олай болса, бұл – заманы тозған түсінік. Үлкен спортта, ел намысы сынға түскен додаларда басын, яғни денсаулығын бәйгеге тігіп жүрген ұландардың алдында қолда бардан тарылып, сараңдық етпеген жөн болар еді.

Біздіңше, спортшының қолына бір жапырақ қағаз ұстатып, арқа­сынан қағып шығарып салатын заман өткен. Бүгінгі өзгерген өмір шындығы спортшыларды ма­те­риалдық тұрғыдан ынталандырып отырудың орынды амал екенін мойындатады. Мұның өзі жастарымызға спорт арқылы табысқа жетуге болатын жолды саналы түрде таңдауына игі ықпалын тигізбей ме? Мемлекетіміздің спорт­ты дамытуға бағытталған сая­саты, тіпті Елбасының «Біз сал­ған спорт ғимараттарының іші әрқа­шанда жастарға толы болуы керек», деген сөзінің түпкі мәні де бізге осы жолды меңзеп отыр ғой.

Осы орайда бокс турнирінің телевизиялық көрсетілімі туралы әңгімені де тілге тиек ете кетсек деп едік. Мәселен, Ресей чемпионатын біз «Алма-ТВ» телеоператоры тарататын «Планета» арнасынан көрдік. Сондағы байқағанымыз, ресейлік әріптестеріміздің өз ісіне деген кә­сіби деңгейлік тұрғысындағы көзқарасы ерен өсіп кеткен екен. Чем­пионат барысында олар ринг жанына жылжымалы студия орнатып, онда бокстың жілігін шағып, майын ішкен мамандармен бірге әрбір өткен жекпе-жекті егжей-тегжейлі талқылап отырды. Содан соң әрбір жекпе-жектің алдында қарсыластар туралы толыққанды мағлұмат экранда титр түрінде беріліп, көрерменді риза қылғанын да айта кеткен жөн. Мысалы, рингке атақты Андрей Замковой шықса, ол туралы ақпарат көзтартар дизайнмен кескінделіп, былайша жазылып тұрды: «Жасы – 33, салмағы – 69, бойы – 182. Финалға дейінгі жол: 1/16 – Г.Хачатрян. 1/8 – Х.Гараев, 1/4 – А.Демин, 1/2 – А.Шарифов». Бұ­дан артық экран алдындағы бокс жанкүйеріне не керек? Әлбетте, біздің «Qazsport» арнасында жүрген әріптестеріміз ренжімес, орыс журналистерінен үйренеріміз әлі де көп-ақ деп ойлаймыз.

 

«Хукті» білгені түкті білдірмейді

Жасыратыны жоқ, біздің телеарналар күні бүгінге дейін қазақ тіліндегі сауатты комментаторлардан тапшылық көріп келеді. Бұл мәселе, әсіресе бокс көрсетілімдері кезінде қатты байқалады. Кәсіби тұрғыда өсу, тіл байлығы, дауыстың әуезділігі, тақырыпқа терең бойлау туралы айтпаған күннің өзінде, айташыларымыз қарапайым сөздердің өзін дұрыс қолданбай, қойыртпақ жасап жүр. Мәселен, бокста ең көп қолданылатын сөз «Соққы» ғой. Міне, біздің комментаторлар «Соққы өтті», «Соққысы өтті» де­генді жиі қайталаудан жалықпай жүр және бұған еш қысылмайтын да сияқты. Бұл дегеніңіз орыс тіліндегі «Удар прошел» деген сөздің калька аудармасы ғой. Зады, соққы деген жасалады, тиеді немесе тимейді емес пе, сосын осы төңіректегі құлаққа жайлы синоним сөздерді тауып, бірауық ізденсе де болар еді ғой...

Содан соң байқап жүрміз, бокс­ты жүргізетін комментаторларымыз «хук», «апперкот», «джеб» деген бокс соққыларының атауларын жиі айтсам, білгір болып көрінемін деп ойлай ма екен, көрсетілім барысында осы сөздерді жиі қайталап, көрерменді мезі етеді. «Иектің астынан көтере ұрды», «Құлақ шекеден құлаштап ұрды немесе қапталдан соқты», «Тойтара ұрып, тоқтатты» деп анда-санда дәмін келтіріп, түр­лендіріп отыруға да болушы еді ғой. Қалай болған күнде де телеарна басшылары айта-айта әбден жауыр болған бұл мәселеге тағы бір мәрте оралып, көрермен қауымның өтініш-тілегін жерге қалдырмаса екен дейсің.

Әрине біздің бокста бәрі жаман деп қара аспанды төндіре беруге болмас. Шымкентте өткен ел чем­пионатында бір топ жас бокс­шылардың жарқырай көзге түсіп, құрама командада буын алма­са бастаған жауапты да оң үдеріс­ті байқадық. Одан бөлек бұл жолғы дода барысында төрешілер жұмы­сының да әділеттік жағынан алып қарағанда, дұрыс жолға қойыла бастағаны қуантты.

Дегенмен, жоғарыдағы әңгімеге қайта оралсақ, мұндай көпшілік қауымның назары ауған жарыс­тарды ұйымдастыру жағынан көр­шімізден үйренерлік біраз дүние барлығын мойындамасқа тағы болмайды. Мұны ет пен терінің арасында қалатын өкпеге айналдырмай, дұрыс қабылдаған жөн. Жақсысын алып, жаманын тастасақ, бұдан ұтылмасымыз анық.

 

Қарағанды облысы