• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Желтоқсан, 2020

Әділ жазаларын алды

1081 рет
көрсетілді

Былтыр тамыз айы түгесіле бере «Қаладағы белгілі кәсіпкердің үйіне қарақшылар басып кіріп, үй иесін ұрып-соғып, біраз дүниесін қолды етіпті» деген суық хабар желдей есті. Полиция қыз­меткерлері оқиға болған күннің ертесіне арнайы брифинг өткізіп, естіген жанның зәресін ұшырған қылмыстың жай-жап­сарын баяндап берді. Күдіктілердің іздестіріліп жатқанын айтып, дүрліккен жұрттың көңілін сабасына түсіргендей болды. Осы сәтте тәжірибелі қызметкерлерден құралған топ адам өлімімен аяқталған шабуыл туралы деректі іздестіріп жатқан еді.

– Оқиға болған сәтте қа­рақ­­шылар нысанаға алған кәсіпкер әйел Алматыға кет­кен болып шық­ты. Үйде күйеуі мен қызы және 2 қыз­метшісі қалған екен. Ұр­лық­қа түскен үйдің аула­­сын­­дағы бейнекамераны іс­тен шы­ғарып, бөлмелердегі бей­не­құрылғылар тюнерін алып кеткендердің қылмысқа өте мұ­қият дайындалғаны анық еді. Бетперде киген алтаудың жү­зін анық көрген ешкім жоқ. Бір дерек айтады деген үй иесі ал­ған ауыр жарақатынан ауру­ханада үзіліп кетті. Қолғап ки­гендіктен кү­діктілердің саусақ таңбасы еш жерден табылмады. Үйдегі баға­лы бұйымдар мен ақшаны қол­ды еткендер жәбірленушіге 300 млн теңге көлемінде шы­ғын келтіріпті. Біз үшін бәрі жұмбақ еді, сонда да ұрланған заттарды осы үйдегі Toyota Land Cruzer-200  бен Lexus-570 мар­калы көлігіне тиеген алтауды іздеуді жалғастыра бердік, – дейді Қызылорда облысы По­ли­ция депар­таменті Тергеу бас­қармасы­ның бөлім бастығы, тергеу тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Асқар Жәуенов.

Көшедегі бейнекамера жазбалары арқылы қыл­мыс болған мезгілде сол маң­нан өткендерге сараптама жасаған полицейлерге 2 такси көлігі күдікті көрі­ніп­­ті. Басқа көшелердегі ка­мера­лар ар­қылы осы көліктерді індет­кен құқық қорғаушылар іздің ба­сы өздері отырған полиция депар­таменті маңындағы жалдамалы пәтерлер орна­ласқан аумақтан шық­қа­нын аңғарады. Осы жерде алты адамның көшеден так­­си тоқтатып, Мерседес Бенц 230 Е  мен Nехia марка­лы көліктерге бөлініп отыр­ғандығы белгілі бола­ды.

Қанша ізін жасырғанмен осы алтау сол маңдағы дү­кен­нің ауласындағы бейне­камераға түсіп қалыпты. Тіпті олардың біреуінің дү­кеннен 6 қолғап, екі скотч орамын алғаны да по­лицейлер күдігін одан ары қоюлата түсті.  Құқық қор­ғаушыларға бейнесі анық көрініп тұрған сол жігіт қанқұйлы қылмыс туралы деректің жібін қол­ға ұстатардай көрінген. Дү­кеннен сауда жасаған азамат бұрын сотталған болып шықты. Жұмыс істемесе де ақшаны оңды-солды шашып, сауна мен мейрамханадан шықпайтын оның әр қадамын аңдуға кірісті.

– Ұсталған сәтте-ақ кү­дік­ті бұлтарар жер қал­ма­ға­нын түсі­ніп, қылмысқа бір­ге бар­ған­дар туралы бә­рін айтып бер­ді. Осыдан кейін бәрі де бір­тіндеп қол­ға түсе бастады. Жәбір­ле­ну­­­шінің екі көлігін қала сыр­­тына тастап кеткен олар олжаларын жасырып, ке­йін сейфті лом арқылы аш­қандарын айтты. Бәрі де сотты болғандар екен. Тер­геу кезінде осы топтағы үшеу­дің оқиға болардан сәл бұрын қаладағы тағы бір кәсіп­кердің аула­сындағы Toyota Land Cruzer-200 ав­токөлігін ұрлап, 23 млн  теңге тұратын көлікті Түр­кістан облысы аумағында 5 млн теңгеге сатып жібергені де белгілі болды, – дейді тер­геу тобының жетекшісі.

Талайды көрген полицей­лерді таңқалдырғаны осы қыл­­мыстық істі ұйымдас­тырып, бас­қарып жүрген 19 жастағы жігіт болып шық­­қаны еді. Об­лыстық по­­­ли­ция ғимараты жанынан пә­тер жалдап, сыбайлас­тарын жинап жүрген де сол екен. Бұрын ұрлық үшін сотты болған ол қылмысқа барарда жанындағыларға  ұялы теле­фондарын тастатып ке­тіпті.

Қаладағы колледждердің бі­рінде оқыған жас жігіт кезін­де кәсіпкер әйелге қа­рас­ты мей­рам­­­ханалардың бірінде дая­шы болған екен. Бастығының үйі­не келген қонақтарға қызмет көр­сете жүріп бәрін зерттеген бо­лып шықты. Қылмыс жаса­ған­нан кейін Алматыға кеткен ол осы топтағылардың ішін­де ең соңғысы болып қол­ға түс­ті. Тергеуде басқа сыбайлас­та­ры­на 2 млн тең­геден бөліп бер­ген топ бас­шысының көп қар­жыны өзі иемденгені де бел­гілі бол­ды. Әккі ұры 2 кило ал­тын бұйымдарын облыс ор­талығындағы Сарқырама ка­на­лының жиегіне көміп кет­кен жерін де көрсетті. Жәбір­­ленушіге келген шы­ғын­ның көп бөлігі өтелді. 

Тыңғылықты тергелген қыл­мыс­тық іс сотқа жетіп, жеңіл ол­жаға құныққан 6 қылмыскер әділ жазаларын алды.

 

Қызылорда