• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Желтоқсан, 2020

Оралдық кәсіпкер туған ауылына спорт кешенін салып берді

298 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Погодаев ауылында мәдени-спорт кешені пайдалануға берілді. Кешенді жергілікті кәсіпкер Бейбіт Асанов толығымен өз қаражатына салған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құрылысына 100 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған кешенде ауыл азаматтарының спортпен айналысуына ғана емес, жалпы бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Бұл жерде волейбол, баскетбол, шағын футбол алаңдарымен қатар бишілерге арналған да орын бар. Бір мезетте 120 адам жаттыға алатын бұл кешенде болашақта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Мәдени-спорт кешенінің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Екатерина Ларионова арнайылап барды.

- Жыл басында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті нығайтып, кәсіпкерлерді туған ауылына көмек көрсетуге шақырған едім. Тапсырмама алғашқылардың бірі болып құлақ асқан Бейбіт Байтениязұлына елдің және өзімнің атымнан шынайы алғысымды білдіремін. Қасиетті Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауылына осындай тамаша сый жасаған Асановтар әулетінің ісі басқа азаматтарға да үлгі болады деген сенімдемін. Біздің өңір дарынды спортшыларға кенде емес. Азия, Әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бар. Олардың көбі ауылдан шыққан. Дәл осындай жаңа заман талабына сай спорт кешенінде жаттыққан өрендер болашақта ел үмітін ақтайтын спортшы болады деген сенім мол, - деді Ғали Нәжімеденұлы өз сөзінде.

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде Орал қаласы мен аудандарда тоғыз спорт кешені құрылысы жүріп жатыр. Жаңақала ауылындағы спорт нысаны жақында ғана пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Подстепный мен Сайхын ауылдарындағы кешен құрылысы аяқталады.

Өңір басшысы жаңа кешенге соңғы үлгідегі led-экран мен музыкалық аппаратураны сыйға тартты.

- Он жылдан бері ауылыма осындай спорт кешенін салуды армандап келген едім. Міне оған қол жеткіздім. Енді ауылымыздың балалары мен жастары осы жерге келіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Халқыма қуаныш сыйлағаныма өзім де ерекше қуанып тұрмын. Мен тек мәдени-спорт кешенін тұрғыздым. Осы іске басқа кәсіпкерлер қолдан келгенше көмегін берді. Бірі көше жарығын тартса, енді бірі спорт құралдарын сыйлап жатты. Қолғабыс еткен барша достарым мен туыстарыма және құрылыс жұмыстарын жүргізген жігіттерге ризашылығым шексіз, -дейді атымтай кәсіпкер Бейбіт Асанов.