• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Желтоқсан, 2020

Рудныйда жаңа балабақша пайдалануға берілді

462 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Рудный қаласында 310 орынға арналған «Жас бөбек» деп аталатын жекеменшік балабақша ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғашқы жұмыс күні жаңа балабақшаға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барып, тәрбиешілермен кездесті. Мемлекет пен жекеменшіктің   әріптестігі арқылы пайдалануға берілген мектепке дейінгі тәрбие мекемесі кеншілер қаласындағы балабақша кезегін 20%-ға қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, Рудный қаласының тұрғындары үшін 56 жаңа жұмыс орны ашылды.

«Жыл сайын облыста әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер қатары көбейіп келе жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің арқасында «Елена Д» ЖШС мен оның құрылтайшысы Иван Васильевич Марар ескі ғимаратты қалпына келтіріп, сапалы материалдық-техникалық құрылғы-жабдықтармен қамтамасыз етті» - деді А.Мұхамбетов.

Инвестор әкімге жеке бизнесін қолдап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағдарламасына қатысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс білдірді.

Жаңа балабақшаның ашылғанына ата-аналар да қуанышты.

«Балабақшаның үйдің жанында орналасқаны өте ыңғайлы. Біз мұны  асыға күттік, балаларымыздың тәрбиелі, бақытты, дені сау, білімді болып өскенін көргіміз келеді» - деді 5 жасар Таймураздың анасы Рысты Керембаева.

Жаңа балабақшада мемлекеттік тапсырыс бойынша 265 бала тәрбие алады. Балабақша жұмысын мемлоекет қаржыландырады, ал ата-аналар тек балалардың тамағына айына 12 260 теңге төлейтін болады. қтануы үшін ғана төлейтін болады

Рудный қаласында бүгінде 20 балабақша жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 3,7 мыңнан астам баланы қамтитын 16 шағын орталық бар.

Биыл облыста мектепке дейінгі білім беру мекемелерін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, желтоқсан кіргелі өңірде үш бірдей балабақша ашылды. Биыл Рудный мен Қостанай қаласында, сондай-ақ Қостанай және Б. Майлин аудандарында 7 жекеменшік балабақша, 6 шағын орталық пайдалануға берілді. Нәтижесінде биыл өңірде 1 жарым мыңға жуық балдырған балабақшаға орналасты. 

«Алдағы жылы Қостанайдағы жаңа шағын аудандарда әрқайсысы 280 орындық 5 балабақшаның құрылысы басталады. Сонымен қатар, Қостанай қаласында бұрынғы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп,  Жітіқара және Науырзым аудандарында балабақша салу жоспарда бар. Қазір облыс тұрғындары «INDIGO» порталындағы автоматтандырылған мемлекеттік қызметті пайдалана отырып, балаларын үйден шықпай-ақ балабақшаға орналастыра алады», деді облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.