Жыл өткен сайын Өскемен өзгеріп, түрленіп келеді. Қаланың әр аумағында қарқынды құрылыс, құж-құж қайнаған тіршілік. Дамылсыз дамып келе жатқан шаһарда халық саны да анағұрлым артқан.
Баспана басты назарда
Облыс орталығында орын тепкен халықтың басты мәселесі баспана еді. Бүгінде әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында тұрғын үйге қол жеткізу едәуір жеңілдеді. Биыл кезекте тұрған көп балалы отбасылардың 320-сы баспанамен қамтылды. Есептеп қарасақ, соңғы он жылда халыққа жалпы саны 834 жалдамалы пәтер берілсе, биыл 627 пәтер тұрғындар игілігіне табысталған.
2020 жылы көптеген тұрғын үй салынғанымен, жобалардың бір бөлігі келесі жылға көшті. Биыл «Нұрлы жол» шағын ауданындағы саябақтың жанында 8 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, қаланың тұрғын үй қорына 1 мыңнан астам жаңа пәтер қосылады.
Әлбетте, қала халқы өскен сайын көшелердегі көлік ағымы да артады. Бұл ретте Өскемендегі бірқатар көше кеңейтіліп, жөндеуден өтті. Атап айтсақ, Қ.Сәтбаев даңғылы арқылы Самар тас жолына шығатын төрт және алты бағыттық жол салынды. Жиектері ою-өрнекті темір шарбақпен қоршалып, бойына 200 түптен астам шырша отырғызылды. Жаяу жүргіншілерге арналған жолағы да бар. Сонымен қатар І.Есенберлин даңғылынан Жібек жолы көшесіне дейінгі бөлігі жуықта қолданысқа берілді. Бұл жол көлік кептелісін едәуір азайтары сөзсіз. Келесі жылы асфальті түскен жолдың жиектерін абаттандыру, жарықтандыру сияқты жұмыстар қала басшылығының жоспарында тұр.
– Жыл соңында қолға алынған жаңа жоба аясында қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары басталған. Бұл облыс орталығының 400 көшесін қамтиды. Бәрі ойдағыдай болса, келесі жылдың соңына дейін 14 мың жарық нүктесі ауыстырылады. Ескі шамдардың орнына күннің уақытына байланысты өздіктерінен реттелетін заманауи үнемді жарық диодтары орнатылады, – деді қала басшысы Жақсылық Омар.
Сондай-ақ тұрғындардың өтініштерімен 10 шақырым жаяу жүргіншілердің жолдары төселді. Қосымша тағы 12 шақырым тротуар жөнделді. Ал қала көшелерінің 50 шақырымнан астамына жөндеу, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Рабочий, Промышеленный көшелері мен Өскемен – Семей автожолындағы жөндеулер аяқталды. Осы уақытқа дейін бір бағыттық қана болған Шәкәрім даңғылына қарама-қарсы бағыт қосылып, кеңейтілді. Бұдан басқа да көшелер, трамвай рельстері жөндеуден өтті.
Аулалар абаттандырылды
Жаңарған, жаңғырған нысандар аз емес. Абаттандырылған 55 ауланың басым бөлігі балаларға арналған ойын алаңы болса, бесеуі спорттық нысан. 19 шағын ауданға да көп көңіл бөлініп келеді. Аталған шағын ауданның 10 ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 футбол алаңы салынды. Аз уақыт ішінде жаяу жүргіншілерге арналған аллея түсті. Асыр салған балалар үшін ойын алаңы бой көтерді. Әсіресе жаздың күні кешкі салқынмен серуендеуге таптырмас орын. Айтпақшы, аллеяның бас жағына «Алтайдың бөктеріндегі Өскемен» деген ой салатын үлкен композициялық логотип орнатылды. Қала атауы бірыңғай Óskemen деп латынша жазылды. Дәл осындай композиция қаланың кіреберісінен де көрініс тауып, ұлттық рухты сезіндіргендей болды.
Саябақтар Н.Назарбаев даңғылы бойынан да ашылды. Коммуналдық қызметкерлер қаланың басты көшесінде үш бағытта жұмыс істеді. Біріншіден, даңғыл бойында үш сквер ұйымдастырылды. Екіншіден, кварталдағы ескі ғимараттардың қасбеттері мен жеке сектордың қоршаулары бірыңғай сәулеттік стильге келтірілді. Үшіншіден, Стахановский көшесінен Металлургтердің қиылысына дейінгі 550 метрлік учаскеде жаяу жүргіншілер аллеясы пайда болды.
Білімді жастарға жайлы жағдай
Болашақ бірлікте, білімде дейміз. Ал артық білім кітапта емес пе?! Осы ретте айта кетейік, қала кітапханалары да назардан тыс қалған жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында О.Бөкей атындағы кітапханаға, орталық балалар кітапханасына және №2 филиалға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Баса айта кетерлігі, О.Бөкей атындағы кітапханада жасөспірім оқырмандар үшін тұңғыш рет VR-киіз үй ашылды. Сонымен қатар лингвистикалық орталығында тегін тіл үйренуге болады.
Биылғы оқу жылы қашықтан басталса да, қыркүйекке дейін қаладағы 37 мектеп, 24 балабақша және 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жөнделді. «Зерек» орталығы жұмысын күрделі жөндеуден өткен ғимаратта бастады. Бұл балаларға әуе, су, құрылыс техникаларының модельдерін жасауды үйрететін жалғыз техникалық шығармашылық орталық.
Саламатты өмір салтын ұстанамын десеңіз...
Жарты әлемді жайлаған індет денсаулықтың қадірін ұғындырғандай болды. Халық ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеді. Иә, ауырмаудың бірден бір жолы – саламатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу. Ниет болса, облыс орталығында спортпен айналысуға мүмкіндік мол, орталықтар жеткілікті. Оның екеуі биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Бірі Стахановский көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені болса, енді бірі негізгі спорттық шаралар өтетін «Алтай» стадионы. 1959 жылы салынған стадионның кіреберіс қақпасынан бастап ғимаратына дейін толықтай жаңартылды. Стахановский көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені де кірсе-шыққысыз.
Мемлекеттік қызметтің 17 түрі көрсетіледі
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен бұрынғы «БСМП» ғимаратына Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасты. Мұнда көп балалы, толық емес отбасыларға, аз қамтылғандарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, мүгедектерге кешенді кеңес беріледі. Аталған бөлімде мемлекеттік қызметтің 17 түрі көрсетіледі.
Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру үшін аз шаруа атқарылып жатқан жоқ. Түйінді проблемалар да оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Северное кентінде 2,9 шақырым су құбыры тартылып, 350-ден астам адам ауыз суға қол жеткізді. Меновный және Ахмер шағын аудандарында сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру жұмыстары аяқталып қалды. Қазіргі уақытта су құбырын дезинфекциялау жүргізіліп жатыр.
ӨСКЕМЕН