• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Желтоқсан, 2020

Министр кімнің мүддесін қорғамақ? Инвестордың ба, экологияның ба?

360 рет
көрсетілді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экотуризмді дамыту керек деген ойды біраздан бері айтып жүр. Министр Мағзұм Мырзағалиев 2 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында бұл салаға жеке инвесторларды тарту керек деген еді. Министрдің айтуынша, қазір елімізде 13 ұлттық парк бар. Оған 2019 жылы 1,5 миллион адам келген.

«Бүгінде ұлттық парктерде көлік үшін жабдықталған тұ­­рақ­тарға, кемпингтерге, жаңа санитарлық ка­би­­на­лар­ға аса қажеттілік байқа­ла­ды. Ми­нистр­лік халықаралық тә­жірибе негізінде маршруттар мен соқ­пақтарды жетілдіруді қа­растыруда. Осы аяда қазіргі заманғы визит-ор­талықтар, ме­дициналық пункттер, кемпингтер, этноауылдар және т.б. құру көзделіп отыр. Осыған байланысты тиісті шебер­лік жос­парлары әзірленуде. Олар жұртшылықпен талқыланып жатыр. Сонымен қатар жеке ин­вестор­ларды тарту бойынша жұ­мыс жүргізілуде. Бұған қоса, эко­туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды мүм­кіндіктері есептелді. Жеке инвестициялар көлемі 70 млрд теңгеге жетеді. Туристердің ағыны 12,2 млн адамға дейін ұлғаяды. 12 мыңға жуық қосымша жұмыс орны құрылады» деген болатын.

Министрлік бұл ойын жаңа Эко­ло­гиялық кодекс арқылы заңдастыра түспек. 5 қарашада ведомство «Мем­лекет-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концес­сияға беруге жатпайтын объектілер тiзбесін бекіту туралы» Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің 2017 жыл­ғы 6 қарашадағы №710 қаулысына өзгерістер енгізу ту­ралы жазба жариялады. Элек­тронды үкі­мет порталында жарық көрген жазбада мем­лекет-жекешелік әріптестікті іс­ке асы­ру үшін, оның ішінде кон­цессияға бе­ру­ге жатпайтын объектілер тiзбе­сi­нен «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарды» алып тастау ұсынылған. Алма­тыдағы экологиялық қоғам­ның ашуын туғызған да дәл осы ұсыныс. Олар­дың айтуынша, ерекше қорғалған таби­ғи аумақтарда (ЕҚТА) мемлекет-жеке­меншік әріптестікті енгізу дұрыс емес.

«Қаулы – қолданыстағы заң­намаға сәйкес, ЕҚТА – мемлекет-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жүргізіле алмайтын нысандардың бірі. Қазір экология министрлігі экотуризмді дамытуға шақыру ар­қылы ұзақ мерзімді МЖӘ келісім­шарттар жасауды шешуге тырысып жатыр. Жалпы ЕҚТА-да МЖӘ механизмін қолдану идеясының өзі экологиялық заң­нама қағидаттарына қайшы ке­леді. Экологиялық кодекстің 5 бабы 15-тармағында «жоспарланып отырған шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық қауiптiлiгi презумпциясы және оны жүзеге асыру туралы ше­шiмдер қабылдаған кезде қор­шаған ортаға және халықтың денсаулығына әсерiн бағалау мiндет­тiлiгi» туралы ай­тылған» делінген эко­ло­гия­лық қоғам мәлім­демесінде.

Экологтар МЖӘ әкімшілік қорды теріс пайдалануға, жеке мүдделердің алға шығуына әкеліп соқтырарын Bankwatch Network зерттеулері дәлелде­ге­нін, сыбай­лас жемқорлық та осы меха­низмнің бас ауруына айналғанын, сон­дай-ақ тендер өткізу нәтижесі де әркез ой­дағыдай бола бермейді деген көз­қа­рас­­ты алға тартады.

–  МЖӘ механизмі Қазақ­станда бір­неше жылдан бері қол­данылып келеді және қазіргі сыртқы басқару типіне және ерек­ше қорғалатын таби­ғи ай­мақтар территориясын­да ұзақ мерзімді келісім­шарттар жасауға сай келмейді. Қазіргі МЖӘ туралы заң өте күрделі және түсі­нік­сіз. Экология министрлігі осындай жолмен сәтті жүзеге асқан халықаралық келісімшарттар туралы мысалдар кел­тірмеді, – дейді «Көкжайлауды сақ­таймыз» бас­тамашыл тобының өкілі Елена Ерзакович.

«Зеленое спасение» экология­лық қоға­мының төрағасы Сергей Куратов Іле Алатауы ұлттық пар­­­кі аумағында құры­лыстың бел­­­сенді жүріп жатқанын, жеке кәсіп­керлердің бұл әрекеті­нен көш­­кін жүріп, эрозия қалып­тасатынын айтады.

– Ұлттық парктер аумағы, негі­зі­нен Алматыға жапсарлас аймақ­тар қатты өзгеріске ұшыраған. Кей орындарға барудың өзі мұң. Мәселен, бұрынғы «Алма-Ара­сан» санаторийі жекешеленген, яғни ол жақпен өтуге болмайды. «Просвещенец» санаторийі, Бута­ковка шатқалының да жағ­дайы осыған ұқсас, – дейді Кура­тов.

Белгілі журналист, экобел­сенді Сергей Пономарев те министрлік бастамасына қарсы.

– Көлсай көлінің жағалауы авто­тұрақ, кемпингке толған, бар­лық қызмет ақылы. Ұлттық паркт­ің директорымен сөйлестім. Сіздерге қаншама турист келеді, неге тәртіп орнатпайсыздар де­дім. Ол алдыңғы директор ту­рис­терден түсетін барлық ақ­ша­­ны өзі алып отыратын компаниямен пайдасыз келісімшарт жасасқанын, ал аумақты мем­лекеттік инспекторлар тазалай­тынын, келісімшартқа дау айту мүмкін емес екенін айтты. Ал осындай келісімшартты 49 жыл­ға бір-ақ жасап тас­таса не болады? Жақында елдің барлық ұлт­тық паркінде де осындай ахуал орнайтын секілді, – дейді С.Пономарев.

М.Мырзағалиев Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған түсіндірме жазбасында бұл жобаны қабылдау жайсыз және теріс әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайтынын айтады. «Ұлттық парктердің учаскелерін мемлекет-жекешелік әріптестікке беру инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға ықпал етеді және тиісінше туризмді да­мытуға, қосымша жұмыс орын­дарын құруға, ауылдық елді мекендерді дамытуға қар­жы салымдарының көлемі ұл­ғаяды. Мемлекеттік бюджеттен қаражат негі­зінен табиғат қор­ғау мекемелерін ұс­тауға ғана бө­лінеді. Ақылы қызметтер көр­се­туден түсетін қаражат табиғат қор­­ғау мекемелерінің шоттарына түседі және мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейтін туризм инфрақұрылымын дамытуға жұм­­салады. Бұл өз кезегінде ту­рис­тік ағымның артуына және салық төлемдерінің ұлғаюына ық­пал етеді», дейді министр.

Экологтар болса «ведомство бизнес­ті қолдау мен экотуризмді дамытуды сылтау етіп бюджет қаржысы мен жерді талан-та­ражға салғалы отыр» деп санайды.

«Ешбір шенеунік, ешбір кәсіпкер ЕҚТА-ны климаттық өзгерістер салдарын жеңілдететін, биоалуантүрлілікті қолдайтын, су ресурстарын сақтайтын, эко­логиялық қауіпсіздікті ны­ғайтатын стратегиялық фактор ретінде қарас­тырмайды. Табиғи аймақтарды аралап шыққан тә­жірибелі заңгерлер де, құқық қор­ғау қызметкерлері де учас­келердің иесін, шекарасын, нысаналы мақсатын біле алмады. Осыған дейін ұзақ мерзімге жалға берілген нысандарда үнемі дау туындап, іс сотқа дейін жетіп жатты. Демек, бұл сала маңызды реформаға өте мұқтаж және ол реформа ашық әрі кең талқылаудан өтіп, ЕҚТА-ны дамыту және биоалуантүрлілікті сақтау бо­йынша халықаралық келісімге сәйкестігі тұрғысынан экспертизадан өтуі тиіс. Дәл қазіргі әлсіз дайындық жағдайында тер­риторияны басқару және ин­вестициялау бойынша жаңа тәртіп енгізу еш қисынсыз. МЖӘ енгізілсе, онда инвесторлар мүддесін қорғайтын заң күшейеді. Ал біздің ландшафтты кім қорғайды? Экологиялық қоғамдастық Үкіметтің ЕҚТА-да МЖӘ енгізу туралы бастамасына қарсы. ЕҚТА-ның негізгі рөлі – биоалуантүрлілік пен ландшафтарды сақтау. Дәл осы тәртіп кез келген шешімді қабылдау кезінде басымдыққа ие болуы тиіс. ЕҚТА стратегиялық нысан болғандықтан әркез мемлекеттік органдардың басқаруында қалуы керек» делінген мәлімдемеде.

Қазіргі Экологиялық кодекс 2007 жылдың 9 қаңтарында қабыл­данған. 2018 жылы жаңа экологиялық кодекстің тұ­жы­рым­дамасы бекіп, 2019 жылы жел­тоқсанда редакция жасалып, Пар­ла­мент­ке жолданды.

«Мемлекет-жекешелік әріп­тес­тікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілер тiзбе­сін бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Үкі­метінің 2017 жылғы 6 қараша­да­ғы №710 қаулысына өзгерістер енгізуге байланыс­ты қоғамдық тыңдау өткізу 20 желтоқсанға жоспарланған.

 

АЛМАТЫ