Табиғи архитектуралық ландшафтарымен ерекшеленетін Бозжыра шатқалын сақтаудың амалы – экологиялық туризмді дамыту. Мұндай пікірді Ақтауда еліміздің экологтары, шетелдік сарапшылар мен жергілікті қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен алқалы отырыста отандық ғалымдар айтты.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ақмарал Серікбаева Бозжыра мәселесін екі жақтан қарастыруға болады деген пікірде.
«Біріншіден, Маңғыстау жері «Ашық аспан астындағы мұражай» деп неге айтылады? Себебі оның жері, әр тасы және топырағы тарихқа толы. Сарапшылардың айтуынша, мұнда Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің 50%-ға жуығы шоғырланған. Сонымен қатар сәулет және тарихи ескерткіштер, адамдар мен жануарлардың тас мүсіндері, бекіністерді қазу бойынша ерекше олжалар, сондай-ақ түрлі тарихи кезеңдерде бұл өңірді мекен еткен халықтардың мәдени және этникалық мұрасы әлемдегі жетекші тарихшыларды, археологтарды және антропологтарды қызықтырады», деді А.Серікбаева.
Ғалымның пікіріне сүйенсек, Маңғыстау өңірінің экологиялық туризмді дамытуда әлеуеті жоғары.
«Маңғыстаудың келешегі неде» деген сұраққа туризмді дамытуда дер едім, оның ішінде экологиялық туризмді, яғни экологиялық сананы қалыптастыратындай, табиғи ресурстарды, биоалуандықты және мәдени ерекшеліктерді сақтап, аумақтардың ластануын болдырмайтындай етіп ұйымдастыра білу», деді маман.
Сарапшының айтуынша, Маңғыстаудың табиғи ерекшелігі, атап айтқанда шөлді жерлердің бірегей сұлулығы, табиғи-географиялық орналасқан аумағы, сол секілді қайталанбас шатқалдар мен жыралар, құмды жағажайлар экотуризмді өркендетуде үлкен әлеуетке ие.
«Маңғыстау облысында туризм дамудың бастапқы сатысында тұр. Экологиялық туризмді дамыту өңірдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени ахуалын жақсартуда ықпалы зор. Бұл үшін озық технологияларды пайдалану, жергілікті халықты жұмыспен қамту, Маңғыстаудың жергілікті дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшеліктерін сақтап, пайдалану қажет», деді А.Серікбаева.
Десе де ғалым заңға сәйкес, қоғамдық тыңдау мен экологиялық сараптаманың қорытындылары және қоршаған ортаға әсерді бағалауды да (ҚОӘБ) есептен шығаруға болмайтынын ескертті.
Бұл пікірді қуаттаған жергілікті эколог Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, Бозжырадағы жабайы туризм жөнге салынбаса, таяу болашақта бірегей орыннан айырылып қалуымыз ғажап емес. Қоғам белсендісі 18 жылдан бері осы өңірдің экологиялық жағдайын зерттеумен бірге экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен тұрақты айналысып келеді. Оның пікірі бойынша Бозжыра аңғарында біраз уақыттан бері жабайы туризм белең алып, көлік ағыны жануарлардың қозғалысына айтарлықтай нұқсан келтіруде.
«Бозжыраға келушілер жыл санап артуда. Алайда қаражат тапшылығынан туристік қызмет талапқа сай ұйымдастырылмай, бұл аумаққа Үстірт шыңының үсті және асты арқылы келетін дала жолдары пайда болды. Осы жолмен бірнеше автокөлік жүйткігенде ақ тозаң көтеріліп, оны көргенде жаныңыз түршігеді. Ал осының салдарынан қашқан арқар, қарақұйрық, сол секілді басқа аңдарды көріп, еріксіз алаңдайсың. Жабайы туризмді тәртіпке салып, экологиялық туризмге айналдырмаса, осы жердің түбіне жететініміз анық», деді О.Тоғжанов.
Маңғыстаулық азамат қоғамда резонанс тудырған Бозжыраның маңынан қонақүй салуға байланысты пікірін де жеткізді.
«Кейбір азаматтар ұсынғандай туристік қабылдау орнын 10-50 шақырым қашықтан салудың тиімсіздігіне көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнынан туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, немен айналысып жатқанын бақылау мүмкін болмайтынын түсіндік. Сондықтан шағын қонақүй, сапар орталығы бар туристік нысандар аңғар мен шатқалдар түгел көрінетін төбе үстінде орналасуы қажет. Онда мәдени туризмді ұйымдастыру үшін міндетті түрде қонақүй, автотұрақ, келушілердің түрлі қажеттерін өтейтін орындар, пайдаланатын ат, түйе, экокөліктер мен әуе шарларын сақтайтын және қызметшілер мен гидтер паналайтын баспана болуы керек. Егер мұндай орын тым қашықта орналасса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын жолда көпшілік тоқтамай бірден Бозжыраға тартары сөзсіз», деді қоғам белсендісі.
Жол мәселесіне тоқталған эколог Бозжыра аумағында көлік қозғалысына шектеу қойылу қажет деп есептейді.
«Бекет атаға 15 шақырым жетпей «Ата жолынан» бұрылып шың үстіндегі Бозжыра панорамалық алаңқайына баратын, ұзақтығы небәрі 10 шақырым жолға қатқыл табан төсеп, төбедегі басқа автоқозғалысқа мүлдем тыйым салу керек. Бозжыра алқабын толық бақылауда ұстап, оның экологиялық және рекреациялық сыйымдылығын ескеріп, туристерді арнаулы соқпақпен жаяу немесе ат, түйе, велосипед, әуе шарларымен көтерілуге, биік мұнараларға шығуға ғана рұқсат беруге болады», деді маман.
Бозжырадағы қонақүй табиғи қаумал аумағынан тыс жерде салынады. Бұл пікірді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысының Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында ғалымдармен, биологтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті экобелсенділермен және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткіздік. Барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ортақ ой айтты. Бірақ туризмді дамыту мен Бозжыра секілді айрықша табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың арасында тепе-теңдік сақталуы тиіс. Жобаның әлеуетін бағалап, кеңес беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып бардық. Тұрғындар мен ғалымдардың, сондай-ақ қоғам белсенділерінің ұсынысымен қонақ үйдің орны Жабайұшқан қаумалының сыртына ауыстырылады. Инвестициялық компания өз тарапынан жобаны іске асыратын орынды қаумалдан тыс жерден таңдауға дайын екендерін жеткізді», деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, жергілікті қоғам белсенділері және ғалымдар қонақүй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек деген қорытындыға келгенін алға тартты.