• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Желтоқсан, 2020

Қордайлықтар қуанған күн (Жеті мыңдай отбасы ең қолайлы отын түріне қосылуға мүмкіндік алды)

384 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік мерекесінің дәл қарсаңында ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниясы мен Жамбыл облысы әкімдігі Қордай ауданындағы елді мекендерге газ тарту жобасын толайым аяқтап, он шақты ауылдың 60 мыңнан астам тұрғынына қуаныш сыйлады.

Осылайша, Президенттің елді мекендер мен ауылдық жер­лерді көгілдір отынмен қам­тамасыз ету жөніндегі тапсырмасы іске асып, Қордай ауданына қарасты Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қара­кемер, Қарасу, Өтеген, Қызыл­сай, Күнбатыс-1 және Күн­батыс-2 ауылдары газбен қам­тамасыз ету желілеріне қосылды.

Қысқа мерзімде жүзеге асқан бұл жоба биыл маусым айында ғана қолға алынған. Күздің ортасында, яғни 15 қазанда салтанатты жағдайда Қарасу мен Өтеген ауылдарына көгілдір отын кіргізілген еді. Көп ұза­май, енді міне, Тәуелсіздік ме­ре­­кесі қарсаңында 57 мыңдай тұр­­ғыны бар сегіз елді мекенде газ құбырларының құрылысы аяқталып, жұрттың қолы жылу көзіне жетіп отыр.

Компания мамандары атап өткендей, Қордай ауданында 392 шақырымдық газ құбыры тартылып, газ тарату желілері арқылы табиғи газ әлеуметтік және кәсіпкерліктің 274 нысанына жеткізіледі. Оның ішінде, жоғарыда атап өткендей, 10 елді мекеннің 7 мың шаңырағы да бар.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев 70 жылдан астам уа­қыт бойы Қордайды газбен қамту мәселесі шешімін тап­­пай келгеніне тоқталды. «Биыл­­ғы жылды тарихи деп атауға болады. Ел Прези­денті­ қолдауының арқасында 100 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның 22 ауылын газ­дан­дыруға 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде қордайлықтар­ды көгілдір отынмен қамту деңгейі 47 пайыздан 95-ке дейін көбейеді. Мұндай ауқымды жұмыстар бұл аймақта бұрын-соңды жүргізілген жоқ», деп атап өтті облыс әкімі.

Осы қуанышты күнмен жер­лестерін аудандық Қо­ғам­­дық келісім Кеңесінің төр­ағасы Әбдібек Сейілханов құттықтады.

– Өздеріңіз білетіндей, жыл басында Президент келіп кеткен еді. Сол сапар барысында біз Мемлекет басшысынан аудандағы бірқатар түйткілді шешуге жәрдем жасауын өтініп едік. Сол мәселелердің ішінде газдандыру да бар. Өтінішіміз ескерусіз қалған жоқ. Осы салтанатты сәтке қатысы бар барша жанға алғысымызды білдіреміз. Біз үшін бұл айтулы мереке және дүнген бауырларымызбен бас қосып, бір-бірімізді құт­тық­тап, пікір алмасатын жақсы себеп болды. Бәріміздің мақса­ты­мыз – бірлік, – дейді Ә.Сейілханов.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайловтың айтуынша, ауылдарға газ жет­кізетін құбырлардың құры­лысы «Қордай» автоматты газ тарату стансасын (АГТС) жаңғырту және оның өткізу мүмкіндігін арттырумен қатар жүргізілді. Аталған жұмыстар Қордай ауданы­ның тағы 12 елді мекенін газ­дандыруды жоспарлауға мүмкіндік береді.

 Нәтижесінде, Қордайдағы 41 ауылдың 29-ы толықтай газдандырылуы тиіс. Демек, бұл аудан халқының көпшілігі газ игілігін көретін күн алыс емес деген сөз.

Салтанатты жиыннан кейін облыс әкімі өзгелермен бірге үйіне газ кіргізген жергілікті тұрғын Муса Машанлоның шаңырағына бас сұқты.

– Газ қосылғаннан кейін бізде жаңа өмір басталды. Үйімізде әрдайым жайлылық пен жылу болады. Еліміздің басшылығы мен газ мамандарына отбасымыздағы қуаныш үшін алғысымыз шексіз, – деді Сортөбе ауылының тұрғыны Мәдина Молдажанова.

Көгілдір отын ошақты маздатып қана қоймай, монша, мек­теп, медицина мекемелерін де жы­лытып, жанға рақат сыйлай­ты­ны жұртты қуантып отыр. Ең бас­тысы, техникалық қауіп­сіз­дікті қаперден шығармау керек.

Мұнан да бөлек, ұлан-ғайыр даламыздың барлық аймақ­тарына газ жеткізу – еліміздің экологиялық ахуалына да тигі­зетін септігі орасан. Оның үсті­не көгілдір отынға қатысты ат­қа­ры­лып жатқан жобалар мем­лекетіміздің энергетикалық қауіп­сіздігінің бір парасы бол­ған­дықтан, Үкімет те бұл мәсе­леге жіті назар аударып отыр­ғаны баршамызға белгілі.

Бұл жердегі объективті қиын­­дықтар мынада, мұнай-газ кен орындары негізінен респуб­ликамыздың батыс өңір­лерінде орналасқандықтан, мыңдаған шақырымдарға созылған газ құ­быр­ларын тартып, оны сәй­кес инфрақұрылымдармен қам­тамасыз ету орасан күш, қомақ­ты қаражат пен уақытты талап етеді.

Қуантарлығы, «Сарыарқа» газ құбыры арқылы отандық газ жеткізілген елордамыз Нұр-Сұл­тан қаласының алғашқы жүз­деген тұрғыны биылғы қыс­ты көгілдір отынмен қарсы алып отыр. Қазіргі кезде климаты қатал, ауа райы суық ор­та­лық пен солтүстік үшін аса ма­ңыз­ды осы жобаның екінші кезе­ңін іске асыру ісі жоспарлануда.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы