Шымкент қаласында биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4818 азаматтың әрқайсысы 200 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қаржылай қолдауға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік грант негізінде қайтарымсыз қаражат алған қала тұрғындары өз істерін бастап отыр. Олар көбінесе тігін, кондитерлік өнімдер әзірлеу мен мал шаруашылығына таңдау білдірген.
Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше бұл бағыт бойынша жұмыстар биылғы жылдың 11 айы ішінде 98 пайызға орындалған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражаты еңбекке қажетті құрал-жабдықтар алуға және ауыл шаруашылығымен айналысуға ниет білдіргендерге көп жәрдемін тигізіп отыр.
Мемлекеттік грантқа бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында грант алмаған жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер мен шет мемлекеттерден қоныс аударған азаматтар үміткер бола алады.
Ал нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2820 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданған. Сонымен қатар ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорымен түзілген келісімнің нәтижесінде 74 шымкенттік шағын несиеге қол жеткізген.