• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Желтоқсан, 2020

Ұлттық ұланның «Біз болмасақ, онда кім?» бейнеклипі жарыққа шықты

1163 рет
көрсетілді

Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік әрекетін баяндайтын «Біз болмасақ, онда кім?» әніне арналған бейнеклипінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ендігі кезекте еліміздің үлкен экрандарына жол тартқалы тұр. Аталған клиптің мақсаты  әскери қызметті насихаттау, жеке құрам және азаматтық жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарды ұйымдастырып, қоғамда Ұлттық ұлан имиджін көтеру.

– Бұл бейнеклипті түсіру идеясының иесі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов. Әскер тәлімгерлері мен Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің алдына үлкен тапсырма қойылды. Ол – еліміздің жастарына түсінікті, аға буынға ұғынықты, қалың тыңдарман қабылдай алатын жаңа өлеңді жазып шығу. Біздің өнерпаздар осы тапсырма аясында әннің мәтінін жазды, музыканттарымыз қажетті әуенді таңдады. Нәтижесінде, сөзі салмақты, ырғағы жеңіл, речетатив стилінде «Біз болмасақ, онда кім?» әні өмірге келді. Бұл біздің ортақ жетістігіміз және болашақта тыңдармандардың жүрегінен орын алады деп ойлаймын, – дейді «Ән-би» ансамблінің басшысы майор Дархан Рахымғалиев.

Бейнеклип еліміздің екі өңірінде – Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында түсірілді. Түсірілімге Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен техникасы, жеке құрамы тартылды. Әнді «Ән-би» ансамблінің өнерпаздары орындады. Бейнеклипті түсіруге отандық «АЮ синема» кинокомпаниясы мұрындық болды.

Бүгінгі таңда ансамбль музыканттары мен солистерінің орындауындағы әскери-патриоттық әндер еліміздегі барлық маңызды шаралардың келбеті бола білді. Әскери тақырыпқа байланысты бірде-бір концерт ұландық өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді. Ұлттық ұлан «Ән-би» ансамблі мемлекетіміздің орталық залдарында Гала-концерт беретін бірегей әскери-музыкалық ұжым.

«Біз болмасақ, онда кім...

Байтақ елдің қыраны,

Жүрегі дүрсіл соғады.

Ел тізгінін берік ұстап,

Ар мен намыс ұраны!»... деп басталатын жаңа туынды тыңдармандардың жүректеріне жол табады деп сенеміз.