• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Желтоқсан, 2020

Қостанайда «Елбасы медалінің» иегері марапатталды

299 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент  Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы аясында Рудный қаласында пайдалануға берілген оңалту орталығының ашылу рәсімінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы София Синицинаға «Елбасы медалін» тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

6 жасынан шахматпен айналысатын София бірнеше жыл қатарынан облыстық және қалалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Софияның  әдебиет пен өнерге де талабы зор. Осыдан екі жыл бұрын «Алтын медаль-2018» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанған ол биыл Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған республикалық байқауға қатысып, мәнерлеп оқудан 1-орынды жеңіп алды. София сонымен қатар,математика мен орыс тілі пәндерінен қалалық олимпиадалардың жеңімпазы. 

«Елбасы медалі» жобасы өзім сияқты талапты жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Мысалы, мен аталмыш жоба арқылы волонтерлықтың жай құр сөз емес, жастарға қанат бітіретін қоғамға аса пайдалы қозғалыс екенін түсіндім, сондай-ақ ескіден жетіп, сақталып қалған тарихи жәдігерлердің біз үшін қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім. Елбасының тікелей қамқорлығымен жүзеге асырылып жатқан игі жобаның жастарға берері мол»6 дейді София.  

Үйлестірушілердің айтуынша, «Елбасы медалі» жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған бағдарлама  спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы сияқты 7 негізгі бағыттан тұрады.

2020 жылы «Елбасы медалі» бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушыны, 600 тәлімгерді, 17 аймақтық үйлестірушілер мен сарапшыларды қамтыған. «Елбасы медалінің» иегерлері білім гранттарын тағайындау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен артықшылыққа ие болмақ.