Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві астана тарихын баяндайтын «Архивтер сөйлейді...» қала тарихының фотоқұжаттары» атты көше көрмесін ашты, деп хабарлайды Egemen.kz
Көрме экспозициясы елордамыздың алғаш іргетасы қаланған сәттен бастап бүгінге дейінгі қалыптасу кезеңінен сыр тарқатады. Елімізге белгілі өлкетанушылар мен архив серіктестерінің жеке қорларындағы құнды материалдардың негізінде құрылған көше көрмесі қала тұрғындарының ерекше ықыласына ие болды.
Н.Имамовтың және А.Дубицкийдің жеке қорларынан алынған фотоқұжаттары мен Б.Оленевтың фото және видео материалдары астана шежіресін шертеді.
Аталмыш көрмеден бұрынғы латын графикасымен жазылған деректерді кездестіруге болады. Есімдері елге таныс, қала тарихында қатталып қалған тұлғалардың да ерен еңбегі жазылған ақпараттарды да жолықтырасыз.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фотокөрме оқушылардың қызығушылын арттырып, архив саласына деген әуестігін арттыруда. Биыл екінші рет өткен шара әлі де жалғасын табады.