Алматыда коронавирустық инфекциядан болатын өлім-жітім айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас реаниматолог-анестезиологы Тілеуберді Қуандықов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Егер пандемияның басында пневмониямен ауыратын «реанимациялық» науқастардың көбі жастар болса, бүгінгі таңда реанимацияға КВИ-мен келетін науқастар – жүрек жеткіліксіздігі, тыныс алу жеткіліксіздігі, бүйрек жеткіліксіздігі және инсульт сияқты көптеген созылмалы аурулары бар, 65 жастан асқан пациенттер. Мынандай жағдайларда кездеседі, мысалы, науқас бұрыннан бар ауыр ауруымен клиникаға түседі, ал оны тексерген кезде COVID-19 инфекциясы кездейсоқ анықталады», деп бөлісті реаниматолог.
Оның айтуынша, реанимация бөліміне түсетін науқастардың жартысынан көбі үйлерінен «жедел жәрдем» көлігімен жеткізіледі, және көбінің жағдайы аса ауыр болады.
«Біз тікелей «үйлерінен» аса ауыр жағдайда түсетін науқастардың жартысынан көбінің ауруханаға келгенге дейін өз бетінше емделіп, дәрігерге мүлде жүгінбегендерін анықтадық», деді Қуандықов.
Сонымен бірге ол реанимация бөлімдеріндегі науқастардың орта есеппен 15-20%-ының жағдайлары ауыр және тұрақсыз болатынын, оның ішінде өліммен аяқталатын жағдайлар да байқалатынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда өлім-жітім айтарлықтай төмендеді және ең төменгі көрсеткіштерді көрсетіп тұр. Бүгінгі күні біз «жоғалтып отырған» науқастар – бұл көптеген аурулармен қатар ауырып, теңгерілмеген күйде жүретін науқастар. Оларға жүрек аурулары бар; қант диабеті; бауыр циррозы; химиотерапиядан бірнеше рет өткен онкологиялық науқастар; иммундық тапшылығы бар науқастар жатады. Негізінен, қайтыс болған науқастар қарттар, жастары кәрі және ұзақ өмір сүретін адамдар. Соңғы айларда қайтыс болған жас және орта жастағы науқастардың саны мен үлесі күрт төмендеді. Мұны оң тренд ретінде атап өтуге болады» дейді спикер.
Ол біздің қаламызда коронавирустық инфекцияның таралуы мен оны емдеу нәтижелері бойынша ең қолайсыз кезең маусым айының соңынан шілде айына дейінгі уақыт болғанын еске салды. Сол кезеңде тіркелген науқастар, оның ішінде ауыр науқастар көп болды.