• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Желтоқсан, 2020

Қостанайда 25 полицей «Халық алғысы» медалімен марапатталды

143 рет
көрсетілді

Қостанай облысының полиция департаментінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында департамент бастығы Бекет Аймағамбетов жеке құрамды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елімізде бүкіл адамзат қауымыналаңдатып отырған пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Қазіргі жағдайда полиция және медицина қызметкерлері алдыңғы шепте жүр. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен олардың денсаулығы біздің мойнымызға жүктеліп отыр», деді Аймағамбетов.

Тәуелсіздік күніне орай департамент басшылығы ішкі істер органдарында 32 жылдан астам қызмет еткен отставкадағы подполковник Батырбек Нұрекинге «ҚР ІІО ардагері» медалін табыс етті.

Сонымен қатар пандемиямен күрестегі жемісті еңбегі үшін президент жарлығымен жергілікті 25 полицей «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Олардың ішінде әкімшілік полиция басқармасының бастығы полковник Андрей Григоревский, облыстық ПД штаб бөлімінің бастығы подполковник Абылай Мекебаев, учаскелік майор Ерік Ваисов және Қостанай қаласы ПБ аға инспекторы капитан Карина Базарбаева бар.

Полковник Андрей Григоревский облыста коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабты, Абылай Мекебаев карантин кезінде облыстағы ахуалдық штабты басқарып, тәулік бойы санитарлық және блок-бекеттердің жұмысын реттеп отырды.

Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 50-ден астам қостанайлық полицей марапатталды. Ал ПД тылдық қамтамасыз ету қызметінің бастығы Руслан Сәрсенбаев пен Қостанай қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Асхат Жақсымбеков «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды.

Салтанатты шараның соңында марапат иелері департамент музейіндегі Тәуелсіздік күніне арналған арнайы көрмені тамашалады.