• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Желтоқсан, 2020

Учаскелік полиция инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарып қалды

271 рет
көрсетілді

Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Құтқарылғандар арасында төрт бала бар, олардың кішісі үш жаста ғана.

– Әріптесім, Самат Нұровпен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан едік. Жансүгіров көшесінің бойымен келе жатып, жеке сектордан шыққан қою түтінді байқадық. Кері қарай бұрылып, 657-үйге қарай жүгірдік. Монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге қарай тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Олар қатты ұйықтап жатқандықтан, отты сезбеген. Оларды үйден терезе арқылы алып шыға бастадық. Алдымен балаларды, содан кейін ересектерді шығардық. Отағасы түпкі бөлмеден әжейді шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық. Сонымен қатар қосымша көмекті де шақырдық. Патрульдік экипаж келіп, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялай бастады. Өрттің бір-біріне жақын орналасқан басқа тұрғын үйлерге де таралу қаупі болды. Құдайға шүкір, ешкім зардап шеккен жоқ, – деді Түрксіб аудандық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жайнат Молдағали.

Өрттің шығу себебін мамандар анықтайды.

– Мен полицейлерге қатты ризамын. Егер олар болмаса, біз бәріміз, бүкіл отбасымызбен өртеніп кетер едік. Жанымыздан өтіп кетпей бізге көмектескендеріңіз үшін көп рахмет, – деді көпбалалы ана. Өрт болған күні отағасы әлеуметтік желіде пост жазып, онда полиция қызметкерлеріне отбасын құтқарғаны үшін алғысын білдіргенін естеріңізге сала кетейік.