• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2020

Алматыда алғашқы Alatau Creative HUB ашылды

1074 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Алатау ауданында ашылған Alatau Creative HUB-ының жұмысын бастап берді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» даму Стратегиясындағы басты бағыттардың бірі – креативті индустрияларды дамыту. Қала әкімі Сағынтаев Instagram парақшасында Alatau Creative HUB Алматыдағы креативті индустрияларды дамытудың алғашқы қадамы екенін жазады.

«Қала экономикасының құрылымын әртараптандыру үшін қажетті жаңа тауашалар құрылуда. Шығармашылық тұрғыда өзін дамытып, еңбек нәтижелерін монетизациялау үшін барлық жағдай жасалған. Маркетинг-құралдар, PR, ивентика кешені ұсынылып отыр. Мұнда баспа үйі, кітап дүкендерімен байланыс орнатып, өнімді жылжыту бойынша іс-шаралар өткізуге көмектеседі. Егер шығармашылық идеяңызды жүзеге асырғыңыз келсе, Alatau Creative HUB-қа қош келдіңіз», деп атап өтті шаһар басшысы Сағынтаев.

Сондай-ақ креативті дарындар аймағына заманауи кітапхана, коворкинг-кеңістік, балаларға арналған тегін 25 шығармашылық үйірме, мастер-кластар мен презентацияларға арналған алаң, медиатека кіреді. Үйірмелер арасында Мұрат Мұтырғановтың «Сен жұлдызсың» цирк өнері мектебі және Диана Шарапованың вокалдық мектебі бар.

Өнердің заманауи түрлерінен өзге ХАБ-та креативті форматта халықтық дәстүрлерді үйренуге болады. «ArtBit» оқу-көрме орталығында өнер мен мәдениеттегі жаңа технологияларға басымдық берілген.

Екінші қабатта ІТ-зертхана құрылуда, сонымен қатар мұнда стартаптар мен ІТ-инкубатор MOSТ, Element бағдарламалау мектебі, ELTEX радиоэлектроника орталығы, First Lego League робот техникасы мектебі және Стэнфорд университетіндегі Хассо Платтнердің дизайн Институтының тәжірибесі бойынша құрылатын SDU компетенциясының тақырыптық орталығы орналасатын болады.

Қала әкімі мұндай орталықтар Алматының барлық аудандарында құрылатындығын атап өтті. Келер жылы Алмалы ауданында жеке инвесторлар коворкинг және Academie One бағдарламалау мектебі мен FIFTY FOUR ('54) бизнес-кеңістігі үшін арнайы үй-жай дайындауда. Бостандық ауданында «ТехноДом» көпсалалы орталығының базасында IT-стартаптарға арналған коворкинг-орталық ашылады.

Тоқсан сайынғы есеп бойынша, 2020 жылдың 9 айында Алматыда көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрады. Оның үстіне, креативті экономика қызметтерінің көлемі 605,6 млрд теңгеге жетіп, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінен озып өтіп, 568 млрд теңгені құрады.

Креативті экономикаға ақпараттық қызмет, баспа, жарнама, кинофильмдер өндірісі, ғылыми зерттеулер, сәулет, дизайн және шығармашылық қызметтің басқа да түрлері кіреді.