Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы жинағының бір бөлігін алғаны үшін орындалатын операция комиссиясын нөлге теңестіретін болды. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, егер ТҮҚЖБ зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бірыңғай оператор болып бекітілген жағдайда банк зейнетақы төлемдерін тіркеу және аудару бойынша барлық операциялар комиссиясын азаматтардан алмауды жоспарлап отыр.
«Тәуелсіздік күні қарсаңында біз барша азаматтарды қуантқымыз келеді. ТҮҚЖБ зейнетақы жинағы салынатын арнайы шотты ашу және жүргізу бойынша, зейнетақы төлемдерін мақсатты тағайындауға қатысты аударымдар бойынша барлық комиссиялардың күшін жоюды жоспарлап отыр. Сондай-ақ банк БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін алу және қабылдау бойынша көрсетілетін агенттік қызмет үшін де комиссия ұстамайды», дейді Ибрагимова.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылдың басында жоспар бойынша өтініштерді қабылдайтын онлайн-сервис қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Порталда азаматтар ЭЦҚ көмегімен авторизациядан өтіп, зейнетақы жинағындағы қаражатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Бірінші қыркүйек күні жасаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 700 мың азаматтың БЖЗҚ-дағы зейнетақы қаражатының бір бөлігін алып, оны емделуге, баспана алуға жұмсайтын мүмкіндікке ие болатынын айтқан еді.