Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданының орталығында жаңа алаң пайдалануға берілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған орталық алаңда әр салада қызмет етіп үздік атанған жандардың Құрмет тақтасы орнатылған.
Батыс Қазақстан облысының ең ірі ауданы өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, әр салада үздік еңбек нәтижесін көрсеткен жерлестерін марапаттады.
Пандемия әсер етсе де 2020 жыл біздің ауданымыз үшін табысты жыл болды. Ауданда құрылыс, инвестиция көлемі артты. Халықтың әл-ауқаты тұрақты. Аудан орталығы мен ауылдық округтерде әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрылыстар бой көтерді. Көшелер жарықтандырылып, ауылішілік жолдар жөнделді. Аудан экономикасы ауылшаруашылық үшін қолайлы болғандықтан агрөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлік саласын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылды, -деді салтанатты жиналсыта сөз алған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов.
Биыл ауданның Қадырқұл, Қызылжар, Кеңсуат, Базартөбе, Жамбыл, Битілеу ауылдары таза ауыз сумен қамтылса, Жайық, Жаңабұлақ, Ілбішін ауылдарына кіре-беріс жолдар күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ Орал-Атырау күре жолынан біраз алыс жатқан Алғабас ауылына апаратын 38 км жолдың құрылысы басталды. Ол келер жылы толық аяқталады. Сарман, Битілеу, Ақбұлақ, Есім, Тегісжол, Жаңажол, Қарағай, Тоған, Жамбыл, Үштөбе, Бітік секілді шағын-шағын 11 елдімекенге табиғи газ құбыры тартылып, аудан тұрғындарының 100 пайызы көгілдір отынмен қамтылды.
Биыл Жамбыл ауылында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Атамекен ауылындағы мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Чапаев ауылындағы 300 орындық Абай атындағы мектеп-гимназияның жаңа ғимараты мен 100 орындық интернатының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Алғабас ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.
Биыл Ақжайық ауданы ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойын пандемияға қарамастан ерекше атап өтті. Чапаев ауылында кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтардың қолдауымен Жұбан орталығының ғимараты салынды. Ақынның ғасыр тойына орай көптеген іс-шара өтті.
Батыс Қазақстан