Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас реаниматолог-анестезиологы Тілеуберді Қуандықов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте тұрғындарға алдын алу шараларын сақтаудың маңыздылығы туралы еске салды.
«Бұл ереже мамандар тарапынан бір емес, бірнеше рет айтылып жүр. Әрине, бірінші кезекте адам көп жиналатын орындардан аулақ жүру керек. Әлеуметтік қашықтық сақтау - инфекцияның таралуына жол бермеудің тәсілі. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда бетперде кию, дезинфекциялық құралдарды қолдану. Осы шаралардың барлығын сақтау қажет. Тіпті мереке күндері босаңсымауға шақыратын әріптестеріммен толықтай келісемін. Сондықтан бәрімізге шыдамдылық танытып, осы кезеңнің аяқталуын күту керек», - деді дәрігер-реаниматолог.
Одан бөлек дәрігер созылмалы аурулары бар адамдарға карантин режимін сақтап, өзін-өзі емдеумен айналыспауға шақырды. Емді міндетті түрде маман тағайындауы керек.
«Өкініштісі, пандемия кезінде біз таныстарымызбен достарымыздың дәрігерге бармай, қатты әсер ететін дәрілерді, антибиотиктерді өз бетінше қабылдай бастағанын байқадық. Мұндай шаралар нәтижесіз болады. Себебі ем жүргізілмейді. Алдын алу қорғау режимін қарастырғанмен, ол антибиотиктерді қолдану деген сөз емес. Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, мұндай науқастарға өзінің емдеуші дәрігеріне жүгініп, қаралу керек. Денсаулығындағы өзгеріске қарай дәрігер емге түзету енгізіп отырады. Қандай жағдай болмасын, өз-өзін емдеумен айналысуға болмайды», деп толықтырды сөзін ол.