Алматының сәнін келтіріп тұрған мүсіндік туындылардың қатарында «Түйелер» панносы да бар. Уақыт өте келе жәдігерге айналған мүсіндік туынды авторы Павел Шорохов жуырда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өтінішіне құлақ асып, ескіріп әрі вандалдар әбден сызат салған композицияны бастапқы қалпына келтіруді қолға алған болатын.
Шаһар басшысы өзінің әлеуметтік парақшасында панноның алматылықтар үшін сүйікті сәулеттік жәдігерлердің бірі екендігін еске сала отырып: «Түйелер» сәндік бедерлі панносының авторы әрі мүсінші Павел Шорохов композицияны бастапқы қалпына келтіру туралы өтінішімді қабыл алды. 1982 жылы жасалған панно «Достық» скверінде тұр. Бүгінде ол алматылықтардың сүйікті архитектуралық бейнелерінің бірі», – деп жазған болатын.
Мегаполис жетекшісі Алматының визиттік карточкасына айналған бірқатар мүсіндік туындылардың авторы Павел Шорохов екенін еске салады. Бұлар – Арбатта тұрған «Ойындағы балалар», «Фламинго», «Лотос», сондай-ақ Қазақ мемлекеттік циркінің жанындағы «Акробатка», «Пантера», «Сайқымазақ» сынды бірегей туындылар. Мүсіншінің басқа да жұмыстары Қазақстан, Ресей, Германия, Аустрия, Италия музейлеріне қойылған.
Панноның қас бетін қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып отырған автор: «Көріп тұрғандарыңыздай, мыс қабықтың оң және сол жақ шеттері жұлынып қалған. Көп зиян келтірілген. Мыс қабатының шамамен үштен бір бөлігі зақымдалған. Модельдің өзі темірбетонмен құрастырылған», – деген болатын.
Мүсіндік туындының авторы панноны қалпына келтіру қиын әрі оны жөндеуге шамамен он күн қажет болғанын айтады.
АЛМАТЫ